Қырғыз Республикасында өтіп жатқан III Түркі универсиадасында Қазақстан студенттері алғашқы күннен-ақ жарқын жеңістерге қол жеткізді. Дзюдо жарыстарында бүгін, 5 қыркүйек күні, ұлттық құраманың үш бірдей өкілі жүлделі орынға ие болды.
Баишев университетінің студенті Гүлнұр Баханова Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медальді салды. Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің студенті Іңкәр Тулепбергенова күміс медаль иегері атанды. Сондай-ақ Қазақ спорт және туризм академиясының студенті Нұршат Кемелханқызы қола жүлдені жеңіп алды.
Осылайша, жалпы есепте Қазақстан студенттері 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншіледі. Бұл жетістік – жас спортшыларымыздың еңбегі мен жігерінің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар еліміздегі студенттік спорттың қарқынды дамуының айқын дәлелі.
Студент-спортшыларымызды жеңістерімен құттықтаймыз!