4 қыркүйекте Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Қазақстан мен Италияның жетекші ғалымдарын, академиялық қауымдастық өкілдері мен инженерлік мектептерін біріктірген «Академиялық және зерттеу ынтымақтастығын дамыту» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Семинар жұмысына ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бахытжан Жұмағұлов қатысты. Сондай-ақ семинарға Механизмдер мен машиналар теориясы жөніндегі Халықаралық федерацияның өкілдері – федерацияның Құрметті президенті, Римдегі «Тор Вергата» университетінің профессоры Марко Чеккарелли және Қазақстандағы IFToMM төрағасы, ҚР ҰИА вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі Амандық Төлешов қатысты. Олардың қатысуы іс-шараға ерекше мәртебе беріп, отандық инженерлік ғылымның халықаралық кәсіби қауымдастыққа интеграциялануының маңыздылығын айқындады.
Кездесу ашық диалог аясында өтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа буын инженерлік кадрларын даярлауға арналған тиімді алаңға айналды.
Іс-шара барысында нақты келісімдерге қол жеткізілді: академиялық ұтқырлықты дамыту – студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын алмасу; екі бірлескен қос дипломды бағдарлама ашу; инженерия, робототехника және қолданбалы зерттеулер саласында университеттер мен ғылыми институттар арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту.
ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде:
«Цифрландыру дәуірінде Мемлекет басшысы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі инженерлік кадрларды даярлауға ерекше назар аударып отырған кезеңде еліміздегі санаулы инженерлік университеттердің бірі – ХИТУ қабырғасында осындай семинар өткізу айрықша маңызды. Бұл ғылыми ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, отандық инженерлік мектептің дамуына берік негіз қалайды», – атап өтті.