ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тяньцзинь кәсіптік институтына барды. Аталған институт – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында ашылған Лу Бань шеберханалары жобасын жүзеге асырудағы Қазақстанның ресми әріптесі.
Жоба заманауи білім беру технологияларын трансферттеуге, инженерлік білімді дамытуға және индустриялық дамудың талаптарына сай мамандар даярлауға бағытталған.
Министрге институттың материалдық-техникалық базасы, соның ішінде зертханалары мен оқу орталықтары таныстырылды. Тяньцзинь кәсіптік институты ҚКП партия комитетінің хатшысы Ся Цзинбо (Xia Jingbo) білім беру үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізудің перспективалық бағыттары туралы жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, ол «ақылды» технологиялар, автопилоттау, робототехника және цифрлық өндіріс салаларына тоқталды. Бұл бағыттар Қытайда да, Қазақстанда да сұранысқа ие жаңа буын мамандарын даярлауда басымдыққа ие.
Кездесу қорытындысында министр институттың қонақтар кітабына жазба қалдырып, профессорлық-оқытушылық құрамға табыс, жаңа ғылыми жетістіктер және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге тілектестік білдірді.
Айта кетерлігі, бұл кездесу Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына ресми сапары және Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысу аясында өтті. ҚР Президенті мен ҚХР Төрағасының екіжақты кездесуі барысында елімізде екінші және үшінші Лу Бань шеберханаларының ресми ашылу рәсімі өтіп, бұл екі ел арасындағы білім беру әріптестігін нығайту жолындағы маңызды қадамға айналды.