2025 жылғы 3-9 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасының Чолпон-Ата қаласында жоғары оқу орындарының студенттері арасында III Түркі универсиадасы өтеді.
Универсиадаға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің (Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркия Республикасы, Өзбекстан Республикасы) студент-спортшылары қатысады. Жарыс волейбол, футзал, үстел теннисі, шахмат, дзюдо, еркін күрес және грек-рим күресі сияқты 7 спорт түрі бойынша өтеді.
Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 қыркүйекте сағат 18:00-де, жабылу рәсімі 8 қыркүйекте сағат 18:00-де өтеді.
Қазақстан атынан 15 жоғары оқу орнынан 66 спортшы 7 спорт түрі бойынша ел намысын қорғайды.
Айта кету керек, II Түркі универсиадасы да осы 7 спорт түрі бойынша 2023 жылғы 5-10 қараша аралығында Түркістан қаласында өткізілген. II Түркі универсиадасына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше 5 елден 445 делегат қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларға белсенді қатысуына ықпал етуді жалғастырып келеді.