Қазақстан мен Қытай университеттері арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды

Қазақстан мен Қытай университеттері арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды

Қазақстан мен Қытай университеттері арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды

2025 жылғы 30 тамыз – 3 қыркүйек аралығында Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары аясында Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесінің алаңында еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен Қытайдың беделді университеттері арасында 20-дан астам маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер білім беру, ғылым және инновациялар саласындағы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Қазақстандық және қытайлық жоғары оқу орындары заманауи ғылыми-техникалық шешімдерді дамыту және инновациялық инфрақұрылымды күшейту бағытында ауқымды келісімдерге қол қойды. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Чжэцзян технологиялық университеті және Zhejiang Zhonghe Technology Co., Ltd. компаниясы Кеңістік-уақыт жасанды интеллектісі бойынша Қазақстан-Қытай ғылыми-технологиялық альянсын құру және «Бір белдеу – бір жол» бірлескен зертханасын ашу туралы келісім жасасты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың «Юань Чжэнь» инвестициялық және даму компаниясымен ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) әзірлеу, өндіру және енгізу бойынша ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. Бұл жоба жоғары технологиялық шешімдер мен ғылыми әзірлемелерді дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, ҚазҰУ мен Қытайдың Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. компаниясы арасында «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығын ҚазҰУ базасында ашу рәсімі өтті.

Бұл жоба цифрлық трансформация, жасанды интеллект және робототехника салаларындағы заманауи білім мен ғылыми жетістіктерді біріктіре отырып, жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған. Тараптар болашақта ғылым мен білім саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екендерін растады.

Алматы технологиялық университеті Бейжің технология және бизнес университетімен бірлесіп Қазақстан-Қытай технологиялар мен инновацияларды дамыту орталығын ашу туралы келісімге келді. Сонымен қатар университет Хэнань қалабасқару университетімен бірге Тұрақты даму жөніндегі Қазақстан-Қытай ғылыми зерттеулер орталығын құруды жоспарлап отыр.

Осы бағытта Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Қытайдың Солтүстік су ресурстары және электр энергиясы университеті (NCWU) арасында су ресурстарын басқару және экологиялық тұрақтылық саласындағы бірлескен зерттеулер мен тәжірибе алмасуға арналған келісім жасалды.

Сондай-ақ Astana IT университеті мен Цинхуа университетінің ғылыми паркінің Tus-Holdings компаниясы арасында ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялық стартаптарды дамыту саласындағы меморандумға қол қойылды.

Қазақстандық және қытайлық жоғары оқу орындары студенттерге халықаралық деңгейде білім алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамытуда. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, ALT университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті және басқа да жоғары оқу орындары Қытайдың жетекші университеттерімен бакалавриат және магистратура деңгейінде қос дипломды бағдарламаларды іске қосу туралы келісімдер жасасты. Бұл қадам қазақстандық және қытайлық студенттерге бірлескен оқу бағдарламалары арқылы қос диплом алу мүмкіндігін ұсынып, халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашады.

Келісімдердің маңызды бөлігі білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Ляонин мұнай-химия университеті Қазақстан-Қытай халықаралық инженерлік мектебін ашу туралы уағдаласты және бірлескен халықаралық зертхана құру жөнінде келісімге қол қойды. Астана халықаралық университеті мен Бейжің тіл және мәдениет университеті Қазақстанда аталған университеттің филиалын ашу туралы қосымша келісімге қол қойды.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту бағытында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Шаньдун провинциясының Ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы және «ADAM AGRO QAZAQSTAN» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы салада М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті де қытайлық серіктестерімен ауыл шаруашылығы технологияларын дамыту мен тәжірибе алмасуға арналған келісімдерге келді.

Сонымен бірге Мақсұт Нәрікбаев университеті, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы, Алматы менеджмент университеті және Еуразия технологиялық университеті Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Осы келісімдердің нәтижесінде екі ел арасындағы студенттер мен оқытушылардың алмасу бағдарламалары кеңейіп, тағылымдама және тәжірибе алаңдары құрылмақ. Жоғары оқу орындарының бірлескен ғылыми жобалары, инновациялық орталықтары мен зертханалары іске қосылып, жас ғалымдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.