KOZYBAYEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ KAUST УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ

KOZYBAYEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ KAUST УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ

KOZYBAYEV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ KAUST УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ

Kozybayev University мен Arizona университетінің қос дипломдық бағдарламасының студенттері – Амир Агзамов пен Даниил Герасимов әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу жоғары оқу орындарының бірі – Сауд Арабиясында орналасқан Патша Абдалла атындағы ғылым және технологиялар университетінде (KAUST) ғылыми тағылымдамадан сәтті өтті.

Тағылымдама профессор Джесси Поландтың зертханасында ұйымдастырылды. Зертхана ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикасына, сондай-ақ өсімдіктер өнімділігін арттыруға арналған цифрлық және биотехнологиялық әдістерді қолдануға маманданған.

Бағдарлама аясында студенттер заманауи бағдарламалар мен жабдықтарды пайдалана отырып, күнжіт пен бидай секілді ауыл шаруашылығы дақылдарының фенотиптік деректерін жинаумен айналысты. Тағылымдаманың алғашқы кезеңінде олар қолданбалы статистиканы меңгеріп, R бағдарламалау тілін үйренді, сондай-ақ тәжірибелік деректерді талдау, оларды визуализациялау және қайталанбалы ғылыми жұмыс үдерістерін құру дағдыларын игерді.

Келесі кезең дала жағдайында өтті: студенттер KAUST мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, өсімдіктердің фенотиптік деректерін жинады. Бұл әдіс параметрлерді дәл әрі стандартталған түрде тіркеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар олар зертханалық жұмыстарға да қатысты – жоғары молекулалық ДНҚ экстракциясын жасап, үлгілерді секвенирлеуге дайындады.

Тағылымдаманың маңызды бөлігі – зерттеу тобының апта сайынғы бас қосулары болды. Онда магистранттар, постдокторанттар және тағылымдамадан өтушілер өздерінің ағымдағы нәтижелерін таныстырып отырды. Мұндай кездесулер студенттерге тәжірибелі ғалымдардан пікір алу, идеялармен бөлісу және ғылыми тәсілдерді сын тұрғысынан талқылау мүмкіндігін берді.

Бұл тағылымдама Kozybayev University студенттері үшін білімдерін нақты жобаларда қолдануға, ғылыми-аналитикалық құзыреттерін тереңдетуге, академиялық ағылшын тілін жетілдіруге және халықаралық ғылыми қауымдастықтың бір бөлігі ретінде өзін сезінуге септігін тигізді.