Бүгін, 28 тамызда, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «2025-2026 оқу жылының басталуы: жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі басымдықтар мен міндеттер» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Брифингке ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Көбенова Гүлзат Ізбасарқызы, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының м.а. Ақерке Абылайхан, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жақауов Мақсат Дөңесұлы, Алматы қаласының студенттік омбудсмені Сембиев Айболат Нығметжанұлы қатысты.
Конференция барысында жаңа оқу жылының басталуына орай жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің қолжетімділігін кеңейту, инфрақұрылым мен қауіпсіздікті күшейту, цифрлық құзыреттерді дамыту және студенттерді әлеуметтік қолдауды тереңдету бағытындағы басымдықтары мен алдағы міндеттер талқыланды.
Биылғы қабылдау науқаны жоғары білімге сұраныстың тұрақты өскенін көрсетті. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова:
«Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 210 мыңнан астам талапкер қатысты, оның ішінде 160,5 мың адам немесе 76,35% жоғары білім алуға қажетті шекті балды жинай алды. ҰБТ-ның орташа балы 69,42 болды. 2025 жылы мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 93 232 грант бөлінді, оның ішінде 77 084 грант жоғары білімге арналған. Конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99% көлемінде игерілді. Биыл алғаш рет мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін 2 010 білім беру гранты бөлінді», – деді.
Сонымен бірге «Келешек» Бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің іске қосылуы білімге ұзақ мерзімді инвестиция мәдениетін қалыптастырып, студент пен ата-ананың қаржылық мүмкіндіктерін арттыруға жол ашты. Сәйкесінше ҒЖБМ вице-министрі стипендиялық саясаттың күшеюі де студенттердің әлеуметтік әл-ауқатын нақты қолдайтындығы туралы айтты. Мәселен, биыл студенттердің стипендиясының мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайтылды. 1 қыркүйектен бастап, бакалаврлардың стипендиясы 52 372 теңге, педагогикалық мамандықтар үшін 84000 теңге, магистранттар үшін 117 098 теңге, ал докторанттар үшін 262 500 теңге болады.
Президент тапсырмасымен іске қосылған AI-Sana бағдарламасы оқу бағдарламаларына кіріктіріліп, әр студентке өз мамандығында жасанды интеллектіні қолдануды меңгеруге мүмкіндік беруде. Қазіргі уақытта ЖИ негіздері бойынша курстан 390 мыңнан астам студент өтсе, 3 мыңнан астам оқытушы сертификат иеленген. Сондай-ақ жасанды интеллект курстары барлық университеттерде міндетті пән ретінде енгізілген, 93 жоғары оқу орны бағдарламаларын жаңартып, 20 университет 25 жаңа бағдарлама ашты.
Брифингте ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының м.а. Ақерке Абылайхан оқу жылының маңызды мәселелерінің бірі –жатақханамен қамтамасыз ету бойынша баяндады. Ол өз сөзінде:
«2025 жылға 10 276 орындық 29 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 180 орындық 4 жатақхана іске қосылды. Жақынарада 4 877 орындық 18 жатақхана іске қосылуы күтілуде. Одан басқа, жылдың соңына дейін 2 219 орындық 7 жатақхана іске қосылады», – деп атап өтті.
Айта кетейік, министрлік жылдағыдай биыл да ахуалдық және дағдарыс орталықтарын ұйымдастырды. Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінде, ал дағдарыс орталығы М.Тынышпаев атындағы көлік және логистика университетінде орналастырылды. Республикалық ахуалдық орталықта студенттер мен олардың ата-аналарына жатақханалар, ЖОО қабылдау туралы ақпаратты беру үшін 10 адам қызмет көрсетті, ал Дағдарыс орталығында 55 орындық жатақхана резервте тұр.
Сонымен қатар барлық өңірде студенттердің мәселелерін жедел шешу үшін студенттік омбудсмендер жұмыс жасайды. Баспасөз конференция спикерлерінің бірі Алматы қаласының студенттік омбудсмені Айболат Сембиев бұл туралы:
«Студенттік омбудсмендер оқу процессіндегі мәселелер, жатақхана, әлеуметтендіру бағытындағы туындаған мәселелерді жедел түрде қарап, Министрлікпен бірлесе отырып, шешу жолдарын қарастырады. Соңғы екі жылда студенттік омбудсмендерге 6 079 адам хабарласып, мәселелері шешілді», – деп тоқталды.
ЖОО-да бүгінде 200-ге жуық психолог мамандар жұмыс жасайтын психологиялық қызметтер құрылған.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов бұл қызметтер өз ісін психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтік-ақпараттық бағыттарда жүзеге асырады деп түсіндірді.
Осылайша, жаңа оқу жылына дайындық жоспарлы және жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар үнемі Министрліктің бақылауында.