Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары АҚШ және франциялық әріптестерімен бірлесіп, Шығыс Памирде кешенді археологиялық зерттеулер жүргізуде.
Жоба ҚазҰУ базасындағы «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық – ZooStan» алғашқы қазақ-француз ғылыми орталығы мен Францияның CNRS жетекші ғылыми мекемесінің бірлескен жұмыстары аясында іске асырылуда.
Зерттеулер үш негізгі бағыт бойынша жүргізілуде: археология, палеоботаника және геоморфология. Археологтар С.В.Шнайдердің жетекшілігімен ежелгі мал шаруашылығының алғашқы іздерін анықтауда. Палеоботаниктер А.Анридің (Кот-д’Азюр университеті, Франция) жетекшілігімен соңғы 10 мың жылдағы Шығыс Памирдің өсімдіктер жамылғысын қалпына келтіруде. Ал геоморфологтар В.Ринтеркнехттің (CEREGE, Франция) басшылығымен мұз басу кезеңдерінің хронологиясын зерттеп жатыр.
Аталған зерттеулер аймақтың көне тарихына жаңаша қарауға мүмкіндік беріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың бірегей алаңын қалыптастыруда. Бұл өз кезегінде ҚазҰУ-дың Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті ретіндегі беделін нығайта түседі.