Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында және Қазақстан 1994 жылы ратификациялаған Биологиялық әртүрлілік туралы конвенцияға сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтымен бірлесіп, аймақ өсімдіктерінің биологиялық алуантүрлілігін зерттеу жөніндегі Орталық Азия желісін дамытуға арналған ІІІ Халықаралық симпозиуымын өткізді.
Шараның негізгі мақсаты – өңір өсімдіктерінің биологиялық алуантүрлілігін зерттеуге арналған Орталық Азия желісін құру, Орталық Азияның жабайы өсімдіктерінің биоалуантүрлілігін зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелерін талқылау, пікір және тәжірибе алмасу, сондай-ақ өңірдің табиғи экожүйелерін тұрақты дамытуға арналған нақты практикалық ұсынымдар әзірлеу болды.
ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА президенті А.Қ.Күрішбаев өз сөзінде:
«Табиғи экожүйелерді сақтау экологиялық мәселе ғана емес, Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуының стратегиялық міндеті болып табылады. Биоәртүрлілікті сақтауға және байланысты тәуекелдерді басқаруға бағытталған нақты ғылыми негізделген шаралар қажет. ҚР ҰҒА келесі шешімдерді ұсынады:
1. Жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер мен қашықтықтан зондтау негізінде экологиялық мониторинг пен болжаудың ұлттық жүйесін құру. Сондай-ақ заманауи геномдық және цифрлық технологияларды пайдалану көзделеді. Бұл жүйе мұздықтар, су айдындары, жайылымдар мен өсімдіктер сияқты негізгі экожүйелердің жағдайын нақты уақыт режимінде үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Ерекше назар экологиялық нишалардың модельдерін әзірлеуге және климаттық болжамдарды ескере отырып ареалдардың өзгеру сценарийлерін жасауға аударылуы қажет. Мұндай тәсіл биологиялық алуантүрлілікті сақтау шараларын алдын ала жоспарлауға және ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
2. Табиғатты пайдалану саясатына экожүйелік тәсілді енгізу қажет. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуді және тозған экожүйелерді қалпына келтіруді ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен көрші елдердің өңірлеріндегі табиғи ландшафттардың тұтастығын және биологиялық қауымдастықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін функционалдық экологиялық дәліздерді құруды көздейді.
3. Климаттық өзгерістерді, түрлердің көші-қоны мен ресурстық жүктеменің артуын ескере отырып, аумақтық тұрақты дамудың ұзақмерзімді сценарийлерін әзірлеу қажет. Жер пайдаланудағы және шаруашылық қызметтегі барлық шешімдер экожүйелерге 20-30 жылдық перспектива тұрғысынан ықпалы бойынша бағалануы тиіс. Мұндай ғылыми-болжамдық тәсіл салдарларға тек қана жауап беруді емес, олардың алдын алуды да қамтамасыз етеді.
4. Сондай-ақ Академия көрші елдердің салалық ведомстволары мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін Орталық Азия биоалуантүрлілігі жөніндегі Кеңесті құруды ұсынады. Бұл трансшекаралық экожүйелерді сақтау бойынша мемлекетаралық ынтымақтастықтың тиімді алаңына айналар еді».
Симпозиумға Қытай ғылым академиясының академигі Ханг Сун, Өзбекстан Республикасы ғылым академиясының академигі Тожибоев Комилжон Шаробитдинович, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі Туруспеков Ерлан Кеңесбекұлы, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми орталықтарының профессорлары – Чжэкунь Чжоу (Сишуанбаньна тропикалық өсімдіктер бағы, Куньмин, Қытай), Николай Фризен (Оснабрюк университеті, Оснабрюк, Германия), Габор Шрамко (Дебрецен университеті, Дебрецен, Венгрия), сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Қытай, Корея, Финляндия және тағы басқа елдердің (барлығы 14 елден 120-ға жуық) жетекші шетелдік ғалымдары қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанның жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының алғашқы басшылары, жас ғалымдар, ботаника, молекулалық генетика, экология және табиғатты қорғау саласының мамандары да бас қосты.
Халықаралық симпозиумның пленарлық отырысы аясында өсімдіктер дүниесінің биологиялық алуандығын зерттеуге өз еңбектерін арнаған жетекші ғалымдардың 15 баяндамасы ұсынылды. Қатысушылар зерттеудің өзекті бағыттарын, флораны сақтау мәселелерін және ботаника мен оған қатысты ғылым салаларында заманауи әдістерді енгізу жолдарын талқылады.
Симпозиумның алдағы күндерінде жабайы өсімдіктер флорасын зерттеу мен қорғауға арналған секциялық отырыстар шеңберінде 22 ауызша баяндама ұсынылады. Сонымен қатар молекулалық биология мен генетика саласындағы заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдерді таныстыратын Life Science, Qiagen, Bio-Rad, «Феномика» және басқа да биотехнологиялық компания өкілдерінің 4 арнайы баяндамасы тыңдалады.
Бұдан бөлек жас зерттеушілер мен мамандардың 32 постерлік баяндамасы ұсынылады. Бағдарлама аясында қатысушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және жаңа әдістемелік тәсілдерді меңгеру мақсатында цифрлық полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) және феномика бойынша практикалық мастер-класстар өткізу жоспарланған.
Симпозиум Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті қорғау мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық, ғылыми зерттеулер мен білім беру бастамаларын қолдау үшін маңызды алаңға айналды.
Симпозиумның қорытындысы бойынша Биоалуантүрлілікті зерттеудің Орталық Азия желісі аясындағы халықаралық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды және талқылау барысында ұсынылған биоалуантүрлілік мәселелерін шешудің негізгі ұсыныстары, бастамалары мен жолдарын көрсететін Симпозиум қарары дайындалды.