Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Бактияр Орозов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкек қаласындағы филиалына барды.
Кездесуге ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибрайымов, Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрінің орынбасары Нұрлан Омуров, сондай-ақ ҚазҰУ филиалының директоры Жамин Шейшенов қатысты.
Министрлер университет филиалының құрылу тарихы, қазіргі қызметі және даму перспективаларымен танысып, ғылыми-зерттеу мен оқу аудиторияларын аралады. Сәйкесінше тараптар академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалы 2022 жылғы 26 мамырда ашылды. Оның ресми ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қатысуымен өткен болатын.
Кездесу барысында министрлер тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, болашақта жүзеге асырылуы мүмкін бастамалар қозғалды. Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде:
«ҚазҰУ-дың аймақтық миссиясы және интеграциясы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі. Екі елдің жастарын сапалы біліммен қамтамасыз етіп, ғылыми әлеуетін арттыру жолындағы ортақ күш-жігеріміз болашақта үлкен жетістіктерге жеткізеді», – деп атап өтті.
Бүгінгі таңда филиалда 12 бакалавриат бағдарламасы және бейіндік магистратура бойынша білім беріледі. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында – «Құқықтану», «Менеджмент», «Компьютерлік инженерия» және «Шетел филологиясы» бар. Қазіргі уақытта филиалда 750-ге жуық студент оқиды, ал 2025–2026 оқу жылына 630-дан астам талапкер қабылданған. Дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
«ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалы – жастарымызға сапалы, заманауи білім беретін маңызды алаң. Басты мақсатымыз – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Осы бағытта Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті нығайтып, білім беру стандарттарын үйлестіруді жалғастырамыз», – деді Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Бактияр Орозов.
Айта кетейік, бүгінде ҚазҰУ-дың шетелдегі филиалдары Түркияның Ыстамбұл қаласында және Ресейдің Омбы қаласында да табысты жұмыс істеп келеді.
ҚазҰУ-дың Бішкек филиалы – екі елдің білім беру кеңістігін жақындастыратын маңызды көпір.