ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласында студенттерге арналған Дағдарыс орталығының ресми ашылуы өтті. М.Тынышпаев атындағы ALT Университетінің базасында орналасқан орталық 50 орынға есептелінген.
Шара барысында жаңа орталықтың миссиясы – қиын өмірлік жағдайға тап болған студенттерге жедел әрі қауіпсіз уақытша баспана, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу және құқықтық-кеңестік қолдау ұсыну екені атап өтілді. Орталықта тұрмыстық жағдайы реттелген бөлмелер, тынығу және оқу аймақтары, медициналық кабинеттер қарастырылған.
ALT Университеті базасында соңғы үш жыл бойы іске асқан дағдарыстық қолдау орталығы бүгінде қызмет ауқымын кеңейтті. Жаңа құрылымның жұмысы қалалық әлеуметтік қызметтермен, жоғары оқу орындарының деканаттарымен және жастар ресурстық орталықтарымен өзара ықпалдастыққа негізделді. Бұл өз кезегінде көмекке жүгінудің жолын қысқартып, студенттердің қауіпсіз ортаға тезірек қол жеткізуіне ықпал етті.
Ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан қатысты. Ол орталықтың маңызы туралы:
«Бұл орталық – жастарды қолдаудың жедел форматы. Мұнда әрбір студент өзіне қажетті көмекті уақыт жоғалтпай алады. Біздің мақсатымыз – білім алушының оқуын үздірмей, өзін қауіпсіз сезінетін кеңістік қалыптастыру және оны өмірдегі қиын кезеңнен бірге өткізу. Алматыдағы жаңа Дағдарыс орталығы жастарды кешенді қолдау саясатының нақты қадамына айналды», – деп атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көмек көрсету барысында құпиялық пен этикалық нормалар сақталып, әр өтініш берушіге жеке жағдайына сай шешім ұсынылады. Сондай-ақ жастардың құқықтық сауатын арттыруға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қаладағы жоғары оқу орындары үшін ортақ байланыс тетіктері айқындалған.
Еске салсақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, қаладағы жоғары оқу орындарының инфрақұрылымдық және жер мәселелерін шешуге бағытталған арнайы іс-шаралар жоспары – «жол картасын» бекітті. Мұндағы басты мақсат – қаладағы жетекші университеттердегі проблемалық мәселелерді кешенді шешіп, студенттерге қолайлы жағдай жасау. Аталған жол картасы жаңа жатақханалар салу, оқу корпустарын тұрғызу немесе жаңарту, жер телімдерін тиімді пайдалану мен инженерлік желілерді тарту сияқты нақты жобаларды қамтиды.