ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұжымын Ұлттық зерттеу университеті мәртебесін иеленуімен құттықтады.
Министр Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Құдайберген Бексұлтанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Нұрлан Дулатбековпен бірге академик Евней Арстанұлы Бөкетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Өз сөзінде Саясат Нұрбек:
«Ұлттық мәртебе университетке икемділік пен академиялық еркіндік және оқу бағдарламаларын қалыптастыруға, мықты оқытушыларды тартуға, жаңа эксперименттік зертханалар құруға, өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлескен жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді. Ол ғылымды қаржыландыруды арттыруды, инженерлік орталықтар мен технопарктерді ашуды қамтамасыз етеді, ал профессор-оқытушы құрамы үшін – ұлғайтылған коэффициент бойынша жалақыны көтеруді көздейді. Бұл дарынды студенттер мен жас зерттеушілерді тартудың маңызды факторы, себебі ұлттық мәртебе – әрқашан еңбекақыға да, беделге де, ғылыми лауазымдарға да қосымша бонус. Енді университетке ұлттық зерттеу университеті атағын тек иеленіп қана қоймай, соған сай болу міндеті тұр», – деді.
Университет ректоры Нұрлан Дулатбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен білімді ел дамуының басты қозғаушы күші ретінде айрықша атап өткеніне басымдық бере отырып, Президенттің тапсырмасына сәйкес, университеттердің міндеті – бәсекеге қабілетті мамандар даярлаумен қатар, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыру екендігін атап өтті.
Сондай-ақ аймақтық даму мәселесіне ерекше назар аударылды. Қарағанды облысы – Қазақстанның жүрегі, ірі индустриалды өңір. Ол тек көмір өнеркәсібімен ғана емес, ғылым мен білімге қосқан үлесімен де ерекшеленеді. Университет жыл сайын мыңдаған жасқа сапалы білім беріп, өңірдің ғылыми әлеуетін нығайтуға үлес қосып келеді. Бұл туралы:
«Қазіргі таңда 25 мыңнан астам университет бар, солардың ішінде былтыр академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті атақты Халықаралық QS рейтингінде 981 орынға енді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, өңірлерде шетелдік университеттердің филиалы ашылып жатыр. Енді Қарағанды өңірінде Ұлыбратанияның беделді университеттерінің бірі Эксетер жоғары оқу орнының филилалы ашылады», – деп мәлімдеді министр.
Айта кетейік, өңірде облыс әкімдігінің қолдауымен көп жылдан бері шешілмей келген маңызды мәселе – университетті орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу – оң шешімін тапты. Өткен жылы бірнеше оқу ғимараты, биыл төрт жатақхана жылу жүйесіне қосылды. Сонымен бірге облыс бюджеті есебінен университет аумағын абаттандыру, Бөкетов алаңы мен Мұқанов көшесін жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге куә болған Buketov University-дің профессоры:
«Жаңа оқу жылы қарсаңында университетке ұлттық мәртебе берілуі – біз үшін ерекше қуаныш. Бұл – алғашқы ректор Евней Арстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығына орай көрсетілген керемет сый», – деді.
Сондай-ақ министр Жамбыл Ақылбаев атындағы ғылыми технопаркке барып, жаңа ғылыми жобалармен танысты.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті – жаңа мәртебе, жаңа серпін және мемлекет қолдауымен тарихтың жаңа кезеңіне қадам басты.