ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының атқарушы директоры Крис Мартинмен кездесті.
Кездесу барысында қос тарап Орталық Азиядағы ауқымды ғылыми-зерттеу бастамасын іске асыру мәселелерін талқылады.
Аталған жоба жоғары білікті ғылыми кадрларды тартуға, пилоттық зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ халықаралық әріптестермен бірлескен ғылыми бастамаларды дамытуға бағытталған.
Саясат Нұрбек өз сөзінде Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын, сирек қолжазбалары мен мұрағаттық деректерін зерттеу – жобаның маңызды құрамдас бөлігі ретінде айқындалатындығын атап өтті. Сәйкесінше бұл бағыт ғылыми ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және еліміздің бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен таныстыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, ынтымақтастық шаралары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығы арасындағы қолданыстағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда.