ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Қозыбаев университетінің әлеуетімен танысты

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Қозыбаев университетінің әлеуетімен танысты

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Қозыбаев университетінің әлеуетімен танысты

Қозыбаев университетіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев келді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге заманауи, 1200 орындық жаңа студенттік жатақханада болды. Сондай-ақ ол университеттің инфрақұрылымымен, ғылыми әзірлемелермен танысып, Аризона университетімен бірлесіп ашылған қос дипломдық бағдарламалардың студенттерімен кездесті.

Қонақтарға өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнын зерттеу университетіне айналдыру барысы таныстырылды. Солтүстік Қазақстан университеті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде бірінші болып Аризона университетімен стратегиялық серіктестік орнатты. Бүгінде ол 5 қос дипломдық және 11 бірлескен бағдарлама бойынша жүзеге асырылады, мұнда Қазақстанның барлық аймақтарынан, АҚШ пен Ресейден 1200-ден астам студент білім алады.

Биыл алғашқы студенттер Аризона университетінің негізгі кампусына бір семестр бойы Тусон қаласына оқуға барады. Американдық серіктестермен бірлескен ынтымақтастық білім алушылар үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Себебі түлектер бірден екі диплом алып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері айтарлықтай артады. Сондай-ақ халықаралық командада жұмыс істеу тәжірибесіне ие болады.

Вице-премьер ғылыми жобаларын ұсынған Қозыбаев университетінің ғалымдарымен де кездесті. Бүгінгі таңда университет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен күкіртті полимерлеу және өңдеу, флора мен фаунаның қазақстандық түрлерінің геномикасы, су ресурстары және хлорелла микробалдырларының көмегімен су объектілерін биотазалау, білім мен технология трансферті салаларында бірнеше ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырады.

Сонымен қатар Қозыбаев университетінде оқуды таңдаған шетелдік студенттермен, Сауд Арабиясының KAUST университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан білім алушылармен бейнебайланыс арқылы кездесіп, олардың ғылыми жұмыстарына сәттілік тіледі.