Министр Саясат Нұрбек ШҚО тұрғындарымен кездесті

Министр Саясат Нұрбек ШҚО тұрғындарымен кездесті

Министр Саясат Нұрбек ШҚО тұрғындарымен кездесті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шығыс Қазақстан облысына келіп, Amanzholov University-де өңір тұрғындарымен ашық кездесу өткізді.

Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іске асыру мақсатында ұйымдастырылып, өңірлік қажеттіліктер мен бастамаларды ескеруге бағытталған. Стратегиялық маңызы бар өңірлерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында жоғары оқу орындарының рөлін нығайту – жергілікті даму нүктелерін қолдау, өнеркәсіптік және ғылыми әлеуетті арттыру, сондай-ақ ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық саясат аясында заманауи білім кластерлерін қалыптастыруға деген ұмтылысты білдіреді.

Кездесуге профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер, азаматтық қоғам және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Жоғары білімнің қолжетімділігі, жас ғалымдарды қолдау, білім беруді цифрландыру, сондай-ақ ғылым мен өндірісті интеграциялау мәселелері басты тақырып болды.

Министр Саясат Нұрбек сапалы білім мен дамыған өңірлік ғылым елдің тұрақты дамуының негізі екенін ерекше атап өтті.

«2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі еселеу үшін ғылым мен инновацияларға баса назар аудару қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып, күшейтілген түрде жалғасады. Барлық мәселелерді ашық талқылап, нақты мақсат қойып, оны қоғаммен бірге жүзеге асыру – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік», – деді министр.

Кездесу барысында Саясат Нұрбек еңбек нарығына қажетті мамандарды сапалы дайындау мәселесін де атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ең алдымен су шаруашылығы, құрылыс, энергетика және басқа да салалардағы мамандар тапшылығын шешу қажеттігін айтты. Сонымен қатар болашақ мамандықтарға мамандар дайындау да маңызды», – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес мамандарды дайындау мақсатында қажеттіліктерді анықтау, болжау және жоспарлау жүйесі енгізіледі. Сонымен қатар академиялық артықшылық үлгісіндегі негізгі құзырет орталықтарын құру, үздік халықаралық тәжірибелер мен технологияларға негізделген білім беру бағдарламаларын үйлестіру жұмыстары жүргізіледі.

«Мамандығым – болашағым» жобасы аясында өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, кадр даярлаудың басым бағыттары мен инновацияларды дамыту бағыттары айқындалады. Бұл жоба еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылауға және жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында министр алдағы жылдарға арналған жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар білім беру процесінің цифрландыруы назардан тыс қалмады. AI‑Sana бағдарламасы іске қосылды және ол 100 мың студент пен оқытушыны қамтиды. Бұл бағдарлама Stanford, Imperial College London сияқты әлемдік жетекші университеттермен серіктестік аясында жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамытуға бағытталған.

Іс-шара соңында министр азаматтарды жеке қабылдап, нақты мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берді. Қабылдау кезінде білім гранттары, шәкіртақылар, жатақхана жағдайы және басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді.