ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту және бизнесмендердің кәсіби өсуі саласында бірлескен жұмыс туралы меморандумға қол қойды.
Кездесу барысында тараптар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында қысқа мерзімді курстар өткізуді және кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру туралы уағдаласты. Курс нарықтың нақты қажеттіліктеріне бейімделіп, қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге бағдарланады. Оқыту басқарушылық дағдыларды дамытуға және бизнес өкілдерінің іскерлік біліктілігі мен қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі. Құжат тараптардың кәсіпкерлікті қолдауға және елдің экономикалық өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ұзақ мерзімді және нәтижелі әріптестікке ұмтылысын растайды.
Ведомство басшысы жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырып, Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталған реформалар туралы баяндады. Министр еліміздегі жоғары оқу орындарында білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған шаралар туралы кеңінен ақпарат беріп, білім беру бағдарламалары мен курстарын жүзеге асыруды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Фархат Сәрсекеев өз сөзінде «Даму» қоры бизнесті, әсіресе өңірлерде қолдаудың білім беру құралдарын кеңейтуге мүдделі екенін және университеттермен ынтымақтастықты Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудың стратегиялық бағыты ретінде қарастыратынын атап өтті.
Бүгінгі таңда өңірлік жоғары оқу орындарының базасында құзырет орталықтары жұмыс істейді. Министрлік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында құзырет орталықтарын құру тәртібін әзірледі және бекітті. Құзырет орталықтары ұлттық біліктілік жүйесін ұйымдастырушылық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу және енгізу, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша мамандарды қайта даярлау, кәсіптік біліктілік саласындағы кәсіпорындармен және кәсіптік қауымдастықтармен ынтымақтастық сияқты қызметтермен қамтамасыз етеді.