Қазақстанда жақын арада өндірістік қалдықтарды пайдаланып жасалған инновациялық қорғау жабындары пайда болады. Бұл озық технологиямен Amanzholov University физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлсім Бектасова және оның ғылыми тобы айналысып жатыр.
Гранттық қаржыландыруға ие болған жобаның негізгі мақсаты – өндірістік қалдықтарды газотермикалық шашу әдісі арқылы берік әрі төзімді жабындар жасауға құнды ресурс ретінде пайдалану.
Авторлық жобаның маңыздылығын Гүлсім Бектаева:
«Бізге ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, экологиялық зерттеулерді белсенді дамыту қажет. Бұл жоба екі мәселені бірден шешеді: экологиялық және экономикалық. Біз қалдықтарды қорғау жабындарына арналған пайдалы әрі қолжетімді материалға айналдырамыз», – деп түсіндірді.
Оның айтуынша, жоба аясындағы жұмыс үш бағытта жүргізілетін болады. Атап айтқанда, күріш қауызынан алынған кремний диоксиді (SiO₂) негізінде биокомпозитті жабын әзірлеу. Сондай-ақ шыны өнеркәсібінің қалдықтарынан жасалатын шыны-керамикалық жабындар, күріш қауызынан алынған кремний карбиді (SiC) мен күнбағыс қауызынан алынатын калий оксиді (K₂O) негізінде материалдар жасау көзделген. Бұдан бөлек, жылу электр станцияларында көмір жағу нәтижесінде пайда болатын ұшпа күлден ерекше жабындар жасалады. Мұндай материалдар беріктігі мен коррозияға төзімділігін арттыру үшін легирлеуден өтеді.
Жуырда Amanzholov University ғалымдары Universiti Sains Malaysia және Sultan Idris Education University жас зерттеушілерімен халықаралық ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Мұндай серіктестік жобаны барынша тиімді іске асыру үшін тәжірибе, ресурс пен білім алмасуға мүмкіндік береді.