Орталық коммуникациялар қызметінде эндаумент-қорларға қатысты қабылданған Заңды кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы брифинг өтті.
Брифингке ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының директоры Фархад Қуанғанов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Алмабек Жанбеков, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының Жобаларды басқару кеңсесі басшысының орынбасары Тимур Макенов қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 30 маусымда «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капитал) туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Заңның мақсаты – ғылым мен инновацияны, білім беруді, бұқаралық спортты, денсаулық сақтауды және халықты әлеуметтік қорғауды қолдауға бағытталған эндаумент-қорлардың қызметін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету. Бұл бастама мемлекеттік бюджеттің жүктемесін азайтып, білім беру, ғылыми, спорттық және әлеуметтік жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруды негізінен жекеменшік инвестициялар есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Заңды әзірлеу кезінде АҚШ-тың тәжірибесі ескерілгенін айтты.
«Заңды әзірлеу кезінде эндаумент-қордың үздік тәжірибесі бар елдердің тәжірибесі ескерілді. Ең сәттісі ретінде американдық эндаумент-қорларының үлгісі негізге алынды. Жеке заңның қажеттілігі эндаумент-қорларының екіжақты табиғатымен байланысты – бір жағынан қайырымдылық, екінші жағынан инвестициялық қызмет. Осы екеуін бір заң аясында реттеу қажет болды», – деді вице-министр.
Гүлзат Көбенованың айтуынша, эндаумент-қорының құрылымы барлық коммерциялық емес ұйымдар үшін стандартты болып табылады. Құрылтайшылар қамқоршылық кеңестің бірінші құрамын іріктеп, оған жоғарғы басқару органының барлық өкілеттіктерін толығымен жүктейді.
«Қамқоршылық кеңес қоғамға еңбек сіңірген, абройлы және жоғары беделі бар азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерінен құрылады», – деді вице-министр.
Эндаумент-қоры активтерінің құрылымына эндаументтер, яғни келісім негізінде қабылданған нысаналы еншілер кіреді. Сондай-ақ қайырымдылық бағдарламаларын қаржыландыруға арналған қаражаттар және эндаумент-қорының өз активтері (ғимараттар, жабдықтар және т.б.) есепке алынады.
Эндаумент-қоры сомасы 10 000 АЕК-тен асатын болса, активтер тиісті лицензиясы бар инвестициялық компаниялар мен қаржы ұйымдарына сенімгерлік басқаруға беріледі.
«Заңды іске асыру аясында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, жалпы капитализациясы 50 млрд теңгені құрайтын 5 жоғары оқу орнында пилоттық эндаумент-қор құру жоспарлануда. Сондай-ақ эндаумент-қорлардың қызметкерлерін, әлеуетті инвесторлар мен салымшыларды, активтерді кәсіби басқарушыларды даярлау мақсатында АҚШ тәжірибесіне сүйене отырып, жоғары оқу орны базасында филантропия мектебін құру жоспарланып отыр», – деді Гүлзат Көбенова.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 22 эндаумент-қор жұмыс істейді.