2025 жылғы 17 шілдеде ҚР ҒЖБМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтымен бірлесіп «Болашақ» бағдарламасының тиімділігін арттыру мәселелері бойынша стратегиялық сессия өткізді.
Сессияны ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол «Болашақ» бағдарламасының адами капиталды дамытудағы және елдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудағы ерекше маңызын атап өтті.
Негізгі баяндамашы ретінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов сөз сөйледі. Өзінің презентациясында ол «Болашақ» бағдарламасындағы соңғы өзгерістерді атап өтті: жаратылыстану-техникалық бағытты, оның ішінде жасанды интеллект және атом өнеркәсібі бағыттарын басымдыққа алу, сондай-ақ оқу елдерінің ресми тілінде ғана тағылымдамадан өту және т.б. Сонымен қатар «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асырудан әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалау бойынша әдіснамалық тәсілдер мен стипендия шығыстарының ай сайынғы нормаларын арттыру бойынша тәсілдер ұсынылды.
Талқылау аясында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев, KPMG Консалтинг практикасының жетекшісі, серіктес Тимур Омашев, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерділда Таутенов, сондай-ақ экономика және білім саласындағы сарапшылар Жәнібек Айгазин, Руслан Сұлтанов, Еламан Төлепберген, Ербол Төлегенов, Нұрмұхаммед Досыбаев және басқалары сөз сөйледі.
Стратегиялық сессияның қорытындысы «Болашақ» бағдарламасын іске асыруды жетілдіруге және оның Қазақстанның тұрақты дамуына қосқан үлесін арттыруға бағытталған талдамалық және нормативтік ұсыныстарды дайындау үшін пайдаланылатын болады.