ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жасанды интеллект институтының жұмысымен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жасанды интеллект институтының жұмысымен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жасанды интеллект институтының жұмысымен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов пен Мұрат Ергешбаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысты.

Сапар барысында депутаттар оқу ордасында жасақталған заманауи ғылыми-зерттеу орталықтар мен зертханаларды аралап көрді.

Делегация құрамында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева, Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлескен «Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университет» жобасының жетекшісі, профессор Джесу Ким бар.

Қорқыт ата университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова жасанды интеллект және цифрлық технологиялар бағыты бойынша университет базасындағы Жасанды интеллект институтында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Мұрат Әбенов пен Мұрат Ергешбаев институттың өңірлік және ұлттық деңгейде үлкен маңызға ие екеніне тоқталды. Депуттатар жасанды интеллект – қазіргі заманғы технологиялық дамудың өзегі, сондықтан оны меңгеру мен дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шешуші рөл атқаратынын баса айтты.

«Университетте осындай институттың құрылуы – болашаққа жасалған инвестиция. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті республика бойынша алғашқылардың бірі болып осы бағытты дамытуды қолға алды. Жасанды интеллектті қазақ тілінде оқытуымыз керек. Сондай-ақ мемлекеттің және жеке азаматтың ақпараттары құпия сақталып, қауіпсіз әрі адам игілігіне қызмет ететін бағытта дамуы қажет», – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.

Айта кету керек, IT саласы бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул техникалық университеті 2 қос дипломдық және 4 бірлескен білім беру бағдарламасын және LUPIC халықаралық жобасын жүзеге асыруда. Жобаның басты мақсаты – жасанды интеллект саласында маман даярлау бойынша орталық құру және халықаралық білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты нығайту.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы мұражайында болып, ондағы тарихи құнды жәдігерлер мен аймақтың су ресурстарын басқаруға арналған материалдарды көрді. Бұдан бөлек «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында іске асырылып жатқан ғылыми жобалардың нәтижелерін тыңдады.

Бүгінде университетте 33 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2022 жылмен салыстырғанда оқу ордасының ғылыми бағыттағы табысы 4 есеге артқан. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнында 6 институт, 5 ғылыми орталық табысты жұмыс істеуде.