«AI-Sana» жасанды интеллект бағдарламасы жоғары нәтиже көрсетті

«AI-Sana» жасанды интеллект бағдарламасы жоғары нәтиже көрсетті

«AI-Sana» жасанды интеллект бағдарламасы жоғары нәтиже көрсетті

Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім беру процесін оңтайландыру және цифрландыру мақсатында «AI-Sana» инновациялық жасанды интеллект бағдарламасы сәтті енгізіліп, белсенді жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда жетекші ЖОО-ларында пилоттық негізде іске қосылған бірқатар AI құралдары жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Еске салсақ, өткен жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасанды интеллект бойынша «AI-Sana» бағдарламасын енгізуді ұсынған болатын. Кейін Үкімет жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған инновациялық AI-Sana бағдарламасын іске асыруды бастады.

Нәтижесінде бүгінде AI-Қабылдау комиссиясы – талапкерлерге мамандық таңдауда тиімді ұсыныстар беріп, шешім қабылдау уақытын 50%-ға қысқартты. Бұған қосымша университет қызметкерлерінің жұмыс жүктемесі 70 пайызға жеңілдетілді. Қазіргі таңда бұл бастама 30 ЖОО-да іске асырылуда.

AI-Proctoring – ҰБТ және емтихандарды қадағалауда адам факторын азайтып, бұзушылықтарды 90%-ға дейін төмендетті. Сондай-ақ бақылау процесі 80%-ға оңтайланып, тестілеу нәтижесіне деген сенім артты. Қазіргі уақытта аталған шешімді 5 университет қолдануда.

Ал, AI-Check – жазбаша жұмыстарды тексеруді автоматтандырып, тексеру уақытын 70 пайызға, ал шығындарды 65 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

AI-Lector – оқытушыларға бейнедәріс дайындау уақытын 10 сағаттан 2 сағатқа дейін қысқартып, олардың белсенділігін екі есе арттырды.

AI-Library – цифрлық кітапхана жүйесі кітапханашылардың жүктемесін 70%-ға, ал пайдаланушылардың уақытын 50%-ға азайтты. Бүгінде бұл бағдарламаны 8 университет пайдаланып отыр.

Сонымен қатар AI-Психолог – студенттер мен оқытушыларға психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын 100%-ға орындап, әкімшілік процестерді 65 пайызға оңтайландыруға жол ашты.

Жоғарыда аталған көрсеткіштер «AI-Sana» бағдарламасының тиімділігін көрсетуде. Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы университеттер білім беру сапасын арттырып қана қоймай, оқытушылар мен әкімшілік қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, студенттердің оқу процесіне белсенді қатысуына ықпал етеді.