YESSENOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

YESSENOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ  ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

YESSENOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

Yessenov University түлектерге диплом тапсырудың салтанатты рәсімін өткізді. Шара алғаш рет халықаралық стандарттарға сай жаңа форматта ұйымдастырылып, университет тарихындағы маңызды оқиғаға айналды. Жиында университет бітірген 1800 жас маманға жоғары білім туралы диплом табысталды. Соның ішінде 43 түлек үздік үлгерімімен қызыл диплом иегері атанды.

Салтанатты рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай арнайы қатысып, жас түлектерге сәт сапар тіледі. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар саясатына, білім беру саласына ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті.

Университет Президенті, профессор Берік Ахметов ата-аналар мен оқытушыларға алғысын білдіріп, жас түлектерге жаңа өмір жолында табыс тіледі. Оның айтуынша, жоғары оқу орнына түсіп жатқан студенттердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Бүгінде оқу орнында Қазақстанның барлық аймақтарымен қатар, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Камерун сияқты шет елдерден келген жастар білім алуда. Бұл – білім ордасының халықаралық деңгейде беделі артып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетерлігі, 2025 жылы Yessenov University алғаш рет әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары кіретін QS World University Rankings жаһандық рейтингіне енді. Бұл жетістік университеттің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін және білім беру сапасының жоғары деңгейін дәлелдейді.

Бүгінгі таңда Yessenov University түлектері Маңғыстау өңірі мен еліміздің түрлі кәсіпорындары мен компанияларында, республикалық және жергілікті атқарушы органдарда жетекші қызметтер атқарып келеді. Олар – өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтып, экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүрген білікті мамандар.