Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті халықаралық академиялық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Бүгінде университет әлемнің 16 елінің жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Халықаралық ынтымақтастықтың тиімді нәтижесі ретінде тағылымдамалар, академиялық ұтқырлық және бірлескен ғылыми жобалар, сонымен қатар сұранысқа ие қос дипломдық оқу бағдарламаларын атап өтуге болады.
2021 жылдан бастап университетте Литваның Каунас қаласындағы Ұлы Витаутас университетімен қос диплом бағдарламасы іске асырылып келеді. Бұл оқу орны QS рейтингі бойынша әлемнің үздік 750 университетінің қатарына кіреді. Екі университет арасындағы ынтымақтастық білім беру мен ғылыми бағыттарды қамтиды.
Биыл Қостанай облысында алғаш рет Baitursynuly University экономика және құқық факультетінің «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасының екі студенті қос диплом бағдарламасын сәтті аяқтады. Салтанатты рәсімде оларға қазақстандық және литвалық университеттердің екі дипломы табысталды.
– Бүгінде біздің университет – заманауи, көп бейінді жоғары оқу орны. Baitursynuly University-де шамамен 8500 студент білім алады, бес факультет пен бір институт жұмыс істейді, бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 140 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Оқу орнында 500-ден астам оқытушы қызмет етеді, – деді салтанатты шарада университет ректоры Сейтбек Қуанышбаев. – Біздің мақсатымыз – студенттерге барынша мол мүмкіндік беру. Біз халықаралық білім беру бағдарламаларының санын жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Осындай жобалар арқылы түлектеріміз Костанай мен шетелде оқуды ұштастыра отырып, бірегей тәжірибе алады.
Түлектер қос диплом бағдарламасына қатысу барысындағы әсерлерімен бөлісті.
– Қос диплом үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Екі университетте бір уақытта білім алу – ерекше мүмкіндік, – деді Әлия Сыздық. – Университет пен оқытушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқаны және берген білімдері үшін алғысымды білдіремін.
– Бір жыл бойы біз Каунас қаласында болдық. Осы уақыт ішінде ағылшын тілімізді едәуір жақсартып, қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарын меңгердік, – деп толықтырды Сабина Қабдыева. – Бұл бізге жұмысқа орналасу кезінде айтарлықтай басымдық береді. Қос дипломның тағы бір артықшылығы – әлемді танып, көкжиегіңді кеңейту.
Baitursynuly University академиялық әріптестіктің шеңберін кеңейтіп, халықаралық білім беру аймағындағы өңірлік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастырады.