27 маусымда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Бір кемеде: академиялық адалдық және өңірлік университеттерді дамыту» тақырыбында форум өтті.
Ауқымды шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетінің провосты Сергей Пен, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ Басқарма Төрағасы-Ректоры, Академиялық адалдық лигасы жалпы жиналысының төрағасы Лаура Қарабасова және еліміздің 40-қа жуық жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Форум модераторы ретінде сөз алған Лаура Қарабасова Жұбанов университетінің өңірлік жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып Академиялық адалдық лигасына төрағалық еткенін атап өтті.
– Бір жыл бойы Академиялық адалдық лигасына төрағалық еттік. Лига – 18 университетті біріктірген маңызды ұйым. Оған мүше жоғары оқу орындары өз еркімен қатал академиялық адалдық стандарттарын қабылдап, өзін-өзі реттеудің үлгісін көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы санасы сергек, жаңа құндылықтарды бойына сіңірген ұлт қалыптастыру қажеттігін баса айтқан болатын. Бұл жолда университеттердің рөлі ерекше, себебі бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман, адал азамат, болашақ ел көшбасшысы, – деді ректор.
Форум барысында вице-министр Гүлзат Көбенова білім беру саласындағы өзекті бағыттарға тоқталып өтті.
– Жоғары оқу орны – тек кадр дайындайтын ғана емес, жас буынды тәрбиелейтін рухани орта. Бүгінде адалдық принциптері университеттер үшін жаңа құндылықтарға айналып отыр. Бұл – әділетті қоғамның іргетасын қалауға бағытталған маңызды қадам, – деп атап өтті вице-министр.
Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов академиялық адалдық пен ашықтықты нығайтудың маңызын атап өтті. Ол білім беру жүйесіндегі адалдық мәдениетін дамытуда барлық тараптардың жауапкершілігіне тоқталды.
– Агенттік 2019 жылдан бастап жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлықтан арылуға бағытталған Академиялық адалдық лигасының стандарттарын енгізу бастамаларын қолдап келеді. Бүгінгі форум – осы бағыттағы нақты қадам. Себебі білім беру саласындағы жемқорлық қоғамның бұл жүйеге деген сеніміне кері әсер етеді. Сондықтан Академиялық адалдық лигасының қызметі айрықша маңызды. Лига индикаторлары университеттерге жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оларды өз бетімен жоюға мүмкіндік береді, – деді Ұлан Сарқұлов.
Форум аясында ашық пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, спикерлер жоғары білім берудегі адалдық мәдениетінің маңыздылығына, білім сапасын арттырудағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар Академиялық адалдық лигасының жеті жылдағы жетістіктері талқыланды. Панельдік пікірталас барысында Лигаға мүше университет ректорлары адалдықты нығайту бағытындағы нақты тәжірибелерімен бөлісті.
Форум соңында Академиялық адалдық лигасының Жалпы жиналысы өтіп, маңызды шешімдер қабылданды. Жиналыс аясында Лига төрағалығына қайта сайлау рәсімі өтіп, төрағалыққа SDU University сайланды.