Қазақстан және сирек металдар: ғылым мен өнеркәсіп стратегиялық шешімдерді қалыптастырады

Қазақстан және сирек металдар: ғылым мен өнеркәсіп стратегиялық шешімдерді қалыптастырады

Қазақстан және сирек металдар: ғылым мен өнеркәсіп стратегиялық шешімдерді қалыптастырады

25-27 маусым аралығында Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында «Сирек металдар: перспективалық технологияларды әзірлеу» тақырыбында ғылыми-технологиялық сессия өтті.

Ауқымды іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ және «Үлбі металлургия зауыты» АҚ бірлесіп ұйымдастырды. Сессия технологиялар трансферін жеңілдету мен академиялық орта мен өнеркәсіптік сектор арасындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған ұлттық бастама аясында жүзеге асырылды.

Үш күнге созылған мазмұнды бағдарламада теориялық-талдамалық сессиялар, технологиялық экскурсиялар мен командалық-стратегиялық жұмыстар қамтылды. Ғылыми шараға жетекші отандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік кәсіпорындардың сарапшылары қатысты.

Сессияның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар, инженерлер, университеттер, ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Қатысушылар бағдарлама аясында Үлбі металлургия зауытына барып, тантал, бериллий және уран өндірісімен, сондай-ақ кәсіпорынның көрме-ақпараттық орталығымен таныс болды. Бұл тәжірибелік алаң ғылыми топтарға өндірістік процестерді терең түсінуге, өзекті технологиялық мәселелерді анықтауға және келешек зерттеулерге негіз қалап беруге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ қатысушылар әзірлеген техникалық шешімдерді таныстырып, сараптамалық бағалаудан өтті. Ұсынылған жобалар индустриялық серіктестік пен мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді үйлестіруге бағытталды.

Бұл ғылыми-технологиялық сессия – отандық ғылым мен өндіріс арасындағы ықпалдастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін айқын дәлелдейтін маңызды алаң болды. ШҚТУ инженерлік ғылым мен технологиялық жаңғырудың драйвері ретінде өз миссиясын тағы бір мәрте растады.