Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық университетте «Ұрпақтар сабақтастығы» форумы өтті. Шараға әр жылдары университет қабырғасында қызмет атқарған ректорлар мен профессорлар, ардагер ұстаздар мен түлектер жиналды. Сонымен қатар жиынға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, университеттің ұжымы мен студенттері қатысты.
Форум жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатысып, Ыбырай Алтынсарин ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң ол университеттің материалдық-техникалық базасымен танысты.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Саясат Нұрбек университеттің жаңа даму кезеңі мен өңірдің болашағы туралы айтты.
«Бүгін біз қазақ ағартушылығының темірқазығы саналатын киелі Торғай даласында, Ыбырай Алтынсарин атындағы оқу ордасында бас қосып отырмыз. Бұл жиын – Арқалық қаласының даму тарихындағы жаңа бетбұрыс, сондай-ақ еліміздің білім беру жүйесіндегі маңызды кезең», – деді министр.
Министр өз баяндамасында оқу орнының университет мәртебесін алуы өңір үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
«Университет – тек оқу орны емес, қаланың интеллектуалдық дамуы мен жастардың өсуіне жол ашатын орталық. Жастар өз туған өңірінде сапалы білім алып, осында қалып, жердің дамуына үлес қосады», – деді ол.
Сонымен қатар ол бұл мәртебенің білім сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуге және педагог кадрларды жаңа стандарттармен даярлауға жол ашатынын жеткізді.
Сөзінің соңында министр алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа ұсынысты жария етті. Атап айтқанда, 2026 жылы Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығын атап өту аясында Арқалық қаласында «Ұстаз рухына тағзым» атты жас педагогтер конференциясын өткізу ұсынылды. Бұл бастама министр бұйрығымен бекітілетінін айтты.
«Жай ғана студенттер емес, ең білімді, ең белсенді, ең мықты болашақ педагогтерді жинаймыз. Бұл олардың кәсіби жолындағы алғашқы үлкен қадам болмақ. Конференция аясында қатысушылар міндетті түрде Торғай ауылына барып, Ы.Алтынсариннің алғашқы ашқан мектебі мен музейін көреді. Бұл жас мамандар үшін үлкен рухани тәжірибе болады», – деді министр.
Осылайша, 2026 жылы Арқалық қаласында бастау алатын «Ұстаз рухына тағзым» атты конференция еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарының үздік студенттері үшін дәстүрлі, жыл сайын өтетін іс-шараға айналмақ.
Осыдан кейін министр университет студенттерімен кездесіп, еркін форматтағы сұхбат өткізді. Кездесу барысында ол заманауи мұғалімнің миссиясы, білім беру жүйесіндегі жаңа реформалар мен жас мамандарға қойылатын талаптар жөнінде кеңінен сөз қозғады. Студенттер өз сұрақтарын қойып, білім саласындағы жаңалықтар мен педагогтің әлеуметтік мәртебесі туралы маңызды ақпарат алды.
Форумда сондай-ақ Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы және университеттің Құрметті профессоры, Арқалық қаласының Құрметті азаматы Шөптібай Байдильдин сөз сөйледі. Олар форумның маңыздылығын атап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға арналған бастамаларды қолдады.
Форум – ұлағатты ұстаздар еңбегіне тағзым білдіріп, жас мамандарға шабыт сыйлаған мазмұнды кездесуге айналды. Ардагер ұстаздар мен жас мамандардың тәжірибе алмасуы үшін арнайы сессиялар ұйымдастырылды. Онда ардагер ұстаздар мен жастар ашық форматында сұхбат құрып, тәжірибе алмасты. Бұл шара форумның мазмұнын байытып, білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік берді.
«Ұрпақтар сабақтастығы» форумы – рухани жалғастықты жаңғыртқан, ұстаз есімін ұлықтаған, буындар үн қатысқан тағылымды шара болды.
Айта кетсек, биыл көктемде оқу орны университет мәртебесін алып, жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Бұл – ондаған жылдық еңбектің, мыңдаған түлек пен ұстаздың ортақ жетістігі.