20 маусымда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Педагогикалық білім беруді дамытудың жаңа бағыттары: инклюзия, сапа, ұлттық контекст» тақырыбында «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Республикалық Оқу-әдістемелік бірлестігінің кеңейтілген мәжілісі өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Екатерина Смолякова, «Болат Өтемұратов» қорының директоры Айнұр Қарбозова, «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының директоры Алия Абдибаитова, Қазақстандық қолданбалы талдау мамандары қауымдастығының президенті Жанат Ахметова, «Болашақ» корпоративті қорының мінез-құлық аналитигі Асия Кизатова мен Zoom платформасы арқылы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, халықаралық сарапшылар мен білім саласының мамандары, сондай-ақ Абай университетінің Басқарма басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Шараны Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп ашып, алғы сөзінде:
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті құндылықтарды қоғамға енгізуге ерекше назар аударады. Білім алуда ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың құқықтарын жүзеге асыру бойынша кешенді қолдауды реттейтін жаңа заң әзірлеуді тапсырды. Осы тапсырмалар аясында психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыруда, диагностикалауда, нормативтік-құқықтық базада оң өзгерістер байқалады. Қазақстанның көптеген аймақтарында қолдау көрсету ұйымдары кеңейіп келеді. Білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру ортасына қосудың оң тәжірибесі де бар. Бүгінгі іс-шара – еліміздің педагогикалық білім беру жүйесінің болашағы үшін аса маңызды. Жаһандану, цифрландыру, әлеуметтік инклюзия сияқты заманауи сын-қатерлер бізден жаңа көзқарасты, ұлттық құндылықтар мен жаһандық үрдістердің үйлесімін талап етеді. Осы орайда, педагогикалық білім беруді жаңғырту – еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеудегі негізгі басымдықтардың бірі», – екенін атап өтті.
Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – білім беру жүйесіндегі басымдықтар мен қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, педагогикалық білім беруді стратегиялық жаңғыртуға арналды. Негізгі назар инклюзивтілік қағидаттарын енгізу, педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру және ұлттық құндылықтарды білім беру процесіне енгізу мәселелеріне аударылды.
Жиын үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды: инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру; білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізу; психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету. Отырыста педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасын іске асыру, ұлттық контекстті ескере отырып білім сапасын арттыру стратегиялары мен тетіктері, сондай-ақ инклюзивті білім берудегі инновациялық тәсілдер мен технологиялар – ресурстық орталықтар, цифрлық шешімдер және қолжетімді білім беру бағдарламалары қаралды.
Жиында «SoileApp» бағдарламасының әзірлеушілері, инклюзивті білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар мен қоғамдық қорлардың жетекшілері сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, педагогикалық білім беруді жетілдіру жолындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Отырыс соңында қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, педагогикалық білім беру сапасын арттыру және инклюзияны одан әрі дамыту бағытындағы нақты қадамдарды белгіледі. Бұл бастама елдегі білім сапасын арттыруға және инклюзивті ортаны нығайтуға ықпал ететініне сенім мол.