NU-де ХІ түлектер легіне диплом табыстау рәсімі өтті

NU-де ХІ түлектер легіне диплом табыстау рәсімі өтті

NU-де ХІ түлектер легіне диплом табыстау рәсімі өтті

Орталық Азияның жетекші зерттеу университеті – Nazarbayev University-де ХІ түлектер легіне ресми түрде диплом табыстау салтанатты өтті. Биыл 1695 түлек кәсіби өмірге жол бастады – олардың арасында академиялық білім алуға сенімді орта ретінде NU-ды таңдаған 58 шетелдік студент бар.

Түлектер қатарында 1098 бакалавр, 508 магистр, 62 PhD және 27 MD диплом алды. Олардың қатарында Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі, сондай-ақ Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебін бітіргендер көп, екі мектеп түлектері барлық түлектердің үштен бірден астамын құрайды. Олар – информатика, робототехника, құрылыс, экономика, лингвистика, математика және инженерия салалары мамандары.

15 жыл ішінде ЖОО бүгінде Қазақстанда және шетелде сұранысқа ие 12 мың маман шығарды. NU түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 98%. Сонымен қатар биыл 149 резидент дәрігер мен медицина докторы диплом алды. Тағы 244 магистр мен ғылым докторы Жоғары білім беру мектебінде, Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде және Жоғары бизнес мектебінде білім алды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев салтанатты шарада жүрекжарды тілегін арнады. Ол өмірдің жаңа белесіне қадам басқан түлектерге шын жүректен сәттілік пен табыс тілеп, олардың мүмкіндігіне және жарқын болашағына деген сенімін білдірді. Ерекше үлгерімімен көзге түскен түлектерге Ермек Көшербаев дипломдарды табыстады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалардың түлектеріне жолдаған бейнеүндеуінде Times Higher Education жаһандық рейтингіндегі NU-дың тұрақты позициясын (әлемнің үздік университеттерінің 24-29%-ы) атап өтіп, түлектердің ел экономикасына қосқан үлесінің маңызы туралы айтты:

«Бүгін түлектердің он бірінші легі диплом алып жатыр, осылайша, NU дипломымен болашаққа жол ашып жатқан жас өршіл қазақстандықтардың қатары 12 мыңнан асып отыр. Олар – жасанды интеллект пен робототехникадан бастап, биоинженерия мен халықаралық қатынастарға дейінгі салалардағы мамандар. Сіздердің араларыңызда ғылым жолын таңдап, әлемнің ең мықты университеттерінде оқуын жалғастыруға бел буғандар көп, сондай-ақ басқалары NU дипломымен мансап құруды таңдап, адами капитал мен еліміздің экономикасының дамуына үлес қосатын болады».

Диплом алу салтанатына түлектер отбасыларымен, достарымен және профессорларымен бірге жиналып, оқудың аяқталуы мен кәсіби өмірдің басталуын атап өтті. Олардың қуанышын Парламент депутаттары, министрліктер мен елшіліктердің өкілдері, жұмыс берушілер және университеттің Қамқоршылар кеңесінің мүшелері бірге бөлісті.

Келген қонақтар мен бітіруші түлектер алдында сөз сөйлеген университет президенті Вакар Ахмад:

«Биыл NU өзінің 15 жылдығын атап өтіп жатыр. Орталық Азияның жетекші зерттеу университеті ретінде біз одан әрі өсіп, ықпалымызды күшейтіп, халықаралық рейтингтерде көтерілуді және академиялық беделімізді нығайтуды көздеп отырмыз. Алдағы жылдары біз инновацияларды белсенді дамытып, индустриямен ынтымақтастықты кеңейтеміз, демеушілік және қайырымдылық қолдау тартып, Қазақстан мен басқа да елдердің студенттеріне сапасы жоғары білім беретін боламыз.

Құрметті 2025 жылғы түлектер, биік асуларды бағындырып, өзіңіздің жетістіктеріңізді, білім нәрімен сусындаған университеттеріңізді және осындай мүмкіндік берген еліңізді мақтан етіңіз. Сәттілік серіктеріңіз болсын!»,– деді.

15 жыл ішінде NU 12 000-нан астам маман дайындады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, түлектердің 98%-ға жуығы жұмысқа орналасқан, олардың 92%-дан астамы Қазақстанда жұмыс істеп, экономиканың, ғылымның және мемлекеттік сектордың дамуына үлес қосып, ірі компаниялар мен мемлекеттік органдарда жетекші орындарды иеленеді.