ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде адамдардың зиянды әрекеттері салдарынан жойылып кету қаупі төніп отырған жануарлар мен өсімдіктер әлемінің биологиялық алуан түрлілігін сақтау өзекті мәселе екенін ерекше атап өтіп, Биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру қажеттігін мәлімдеді. Табиғи экожүйелерді сақтау – бұл тек экологиялық мәселе ғана емес, Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін стратегиялық міндет болып табылады. Осыған байланысты биологиялық әртүрлілікті қорғау бойынша тиімді шешімдер іздеуде ғылыми қауымдастықтың, сарапшылар мен экологтардың күш-жігерін біріктіру маңыздылығы ерекше.

Мемлекет басшысының жоғарыда атап өткен тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (Академия) 2025 жылдың 5 маусымында Эколог күніне арналған «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық форум өткізді.

Форум жұмысын Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев аша отырып, өз сөзінде, Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша Академияның ұстанымын айтып, онымен байланысты тәуекелдерді басқаруға бағытталған ғылыми негізделген нақты шараларды ұсынды.

Атап айтқанда:

1. Жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және қашықтан зондтау технологиялары негізінде ұлттық экологиялық мониторинг пен болжау жүйесін құру қажет. Бұл жүйе мұздықтар, су айдындары, жайылымдар мен өсімдіктер сияқты негізгі экожүйелердің жағдайын нақты уақыт режимінде тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе климаттық болжамдарды ескере отырып, экологиялық тауашалар модельдерін әзірлеу мен ареалдардың өзгеру сценарийлерін құруға ерекше назар аударылуы керек. Бұл тәуекелдерді алдын ала анықтауға және сақтау шараларын бейімдеуге мүмкіндік береді.

2. Қазақстан флорасы мен фаунасының бірыңғай цифрлық кадастры мен жасанды интеллект құралдарының түрлерін танудан бастап болжамды модельдерге дейін – интеграциялай отырып қалыптастыру қажет. Мұндай дерекқор ғылыми қауымдастыққа қолжетімді болуы тиіс және Global Biodiversity Information Facility (GBIF) секілді халықаралық платформалармен үйлестірілуі қажет. Бұл ақпарат алмасуды, популяцияларды мониторингтеуді және табиғатты қорғау шараларын ғылыми негізде жоспарлауды қамтамасыз етеді.

3. Табиғи ресурстарды пайдалану саясатына экожүйелік тәсілді енгізу қажет. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтумен және тозған экожүйелерді қалпына келтірумен қатар, табиғи ландшафттардың тұтастығы мен биологиялық қауымдастықтың тұрақтылығын қамтамасыз ететін функционалды және экологиялық дәліздерді құруды көздейді.

4. Климаттың өзгеруі, түрлердің миграциясы және ресурстық жүктеменің артуы ескеріле отырып, аумақты тұрақты дамытудың ұзақ мерзімді сценарийлерін әзірлеу қажет. Жер пайдалану мен шаруашылық қызметіне қатысты барлық шешімдер экожүйелерге келесі 20-30 жылдағы ықтимал әсері тұрғысынан бағалануы тиіс. Мұндай ғылыми-болжамдық көзқарас туындаған салдарға жай ғана әрекет етумен шектелмей, олардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Іс-шарада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Н.Нысанбаев, сондай-ақ ҚР Президентінің экологиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі З.Б.Сүлейменова негізгі мәселелер бойынша сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында биологиялық әртүрлілікті сақтау – экологиялық қауіпсіздіктің, жерді тұрақты пайдаланудың және өңіраралық ынтымақтастықтың ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, табиғатты қорғаудың ғылыми-тәжірибелік негізін нығайту, трансшекаралық экологиялық бастамаларды дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірінің бірегей экожүйелерін ұзақ мерзімді қорғауға бағытталған Биологиялық әртүрлілік қорын қоса алғанда, жаңа қаржылық және институционалдық тетіктерді қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Нобель сыйлығының лауреаты Риккардо Валентини өз сараптамалық пікірін ортаға салды. Ол экологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау және климаттық әрі антропогендік әсерлердің биологиялық әртүрлілікке тигізетін салдарын жұмсарту үшін көпдеңгейлі мониторинг жүйелерін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Дрезден техникалық университетінің профессоры Маттиас Крамер биоалуантүрлілік пен экожүйелік қызметтер туралы баяндама жасады. Ол экожүйелердің тұрақтылығын бағалаудағы жаңа тәсілдермен бөлісіп, экожүйелік қызметтердің осалдығына және табиғи кешендердің тұрақтылығын кеңістіктік тұрғыдан бағалаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Небраска–Линкольн университетінің профессоры Эндрю Зимброфф университеттің пәнаралық зерттеулері мен халықаралық академиялық ынтымақтастығы тәжірибесімен бөлісіп, биологиялық әртүрлілікті сақтауға арналған интегративті тәсілдер туралы әңгімеледі.

Сарапшылар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің бірегей экожүйелік әлеуетке ие екенін және аймақтың биологиялық әртүрлілігінің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Форумға сонымен қатар БҰҰДБ, ЮНЕСКО, ФАО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары, Ресей, Германия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және басқа елдердің жетекші шетелдік ғалымдары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жас ғалымдар, Қазақстанның экология және табиғатты қорғау саласындағы мамандары қатысты.

Іс-шара барысында биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша келесі негізгі маңызды мәселелер талқыланды:

1. Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау және тұрақты даму мәселелері.

2. Сирек және эндемикалық өсімдіктер түрлерін (соның ішінде Сиверс алмасын) сақтау.

3. Биологиялық әртүрлілікті қорғауда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі.

4. Орталық Азиядағы жануарлар әлемін қорғау.

5. Экотуризм – биологиялық әртүрлілікті сақтаудың құралы ретінде.

6. Экологиялық білім беру және ағарту.

7. Биологиялық әртүрлілікті мониторингтеу мен қорғауда ГАЖ-технологияларды пайдалану.

Форум аясындағы көрмеде көпфункционалды мобильді SIGMA кешені (кеңістіктік мониторинг пен геotalдау жүйесі) таныстырылды – бұл табиғи және антропогендік үдерістерді кеңістіктік-уақыттық талдау үшін арналған цифрлық платформа. Ол экология, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, климат, биологиялық әртүрлілік және басқа да салалардағы мониторинг пен болжауға арналған. Аталған платформа ҚР ҰҒА мен Қытайдың ғылыми институттары арасындағы бірлескен зертхананың аясында белсенді түрде пайдаланылатын болады және ол биологиялық әртүрлілікті сақтау, жердің тозуын бақылау, апаттардың алдын алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларда қолданылады.

Форум биологиялық әртүрлілікті сақтау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ғылыми зерттеулер мен білім беру бастамаларын қолдау ісінде мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру жолындағы маңызды қадам болды.

Халықаралық форумның қорытындысы бойынша бүгінгі талқылау барысында ұсынылған негізгі ұсыныстар, бастамалар мен биологиялық әртүрлілік мәселелерін шешу жолдары қамтылатын қарар әзірлеу туралы шешім қабылданды.