4 маусым күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде министр Саясат Нұрбектің Марокко Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммед Рашид Маанинумен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Әсіресе, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар екі ел азаматтарына 20 білім беру гранты көлемінде өзара баламалы гранттар ұсынуға мүдделі екендерін растады. Бұл бастама Қазақстан мен Марокко арасындағы білім беру және мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ шетелдік студенттердің қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – марокколық жастар арасында қазақстандық жоғары білімді танытуға арналған ақпараттық-ағартушылық жұмыстар болды. Осы мақсатта Қазақстанда оқу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру деңгейін арттыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Марокко Корольдігінің Политехникалық университетімен ықтимал ынтымақтастық бағыттары талқыланды.