4-5 маусымда Астанада Astana Mining & Metallurgy (AMM) 2025 конгресі өтіп жатыр – бұл тау-кен металлургия саласын дамыту мәселелері бойынша Үкімет, ғылым, бизнес және халықаралық серіктестер арасындағы стратегиялық диалогқа арналған басты алаң.
Форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов Еуропалық комиссияның ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, шағын және орта кәсіпкерлік (DG GROW) жөніндегі Бас директоратымен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, соның ішінде Horizon Europe бағдарламасына қатысу талқыланды.
Конгресс бағдарламасы пленарлық сессияларды, тақырыптық форумдарды және үкіметтік консультацияларды қамтыды. Онда минералдық ресурстарды тұрақты басқару, техногендік қалдықтарды қайта өңдеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік, геологиялық барлаудың қазіргі жағдайы мен болашағы сияқты кең ауқымды мәселелер қарастырылды. Ғылым мен технологиялардың тау-кен металлургия кешенін трансформациялаудағы рөліне, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық ғылыми және өндірістік тізбектерге бірігуіне ерекше назар аударылды. DG GROW өкілдерімен өткен кездесуде еліміздің ғылыми саясатының басым бағыттары таныстырылып, халықаралық ғылыми бастамаларға институционалдық деңгейде қатысуға дайын екендігі айтылды.
AMM 2025 конгресі «Ғылым–өнеркәсіп–халықаралық серіктестер» форматындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге жоғары қызығушылық бар екенін көрсетті. Бұл қолданбалы зерттеулерді дамытуға, озық технологияларды енгізуге және стратегиялық ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталады.