әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде «LG AI MediaLab» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.
«LG AI MediaLab» – нейрожелілерді медиа және коммуникация саласында қолданатын еліміздегі алғашқы зертхана. Ғылыми орталықта ЖИ және Big Data кафедрасымен бірлесе кешенді зерттеулер жүргізіліп, жасанды интеллект көмегімен түрлі технологиялық шешімдер әзірленеді.
Атап айтқанда баспасөз қызметтері үшін жаңалық материалдарынан жоба құрылады. Яғни AI көмекшісі баспасөз қызметтерінің тақырыптарына сәйкес, жаңалық мәтіндерінің жобаларын автоматты түрде жасайды. Бұған қосымша маркетинг мақсаты үшін әлеуметтік желілерге арналған контент әзірленеді. Зертхана мақалалар мен жаңалық материалдарындағы деректердің шынайылығын тексеру үшін арнайы білім қорларын пайдалана алады. Сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен студенттік газет шығарылады.
Ашылу салтанатына ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов, LG Electronics Almaty Kazakhstan компаниясының президенті Хак Хён Ким, журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, оқытушы-профессорлық құрам мен білім алушы жастар қатысты.
Іс-шараны оқу ордасының проректоры Еркін Дүйсенов құттықтау сөзбен ашып, ғылыми орталық жасанды интеллект саласын дамытуға, студенттердің осы бағыттағы жұмыстарын жетілдіруге айрықша үлес қосатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ғылыми-техникалық үдеріс жағдайында еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық тәуелсіздігін нығайту үшін барша мүмкіндікті пайдалану маңызды. Бұл тұрғыда жасанды интеллектіні дамыту зор мүмкіндікке жол ашып отыр», – деп атап өткен болатын. ҚазҰУ базасында жасанды интеллект орталығын құру – университеттің білім мен тәжірибеге негізделіп, жаңа экожүйе қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадамы», – деді Еркін Дүйсенов.
Өз кезегінде LG Electronics Almaty Kazakhstan компаниясының президенті Хак Хён Ким:
«LG AI MediaLab» ғылыми орталығы – LG Electronics компаниясы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы серіктестіктің символы. Болашақта аталған зертханада білім алушы жастар жасанды интеллект саласында мол тәжірибе жинақтап, жетістікке жететініне сенімдімін», – деді.
Жасанды интеллект зертханасындағы білім беру цифрлық технологиялар мен әлеуметтік ғылымдар тоғысындағы пәнаралық бағытта жүзеге асады. Соның арқасында нейрожелілердің озық тәжірибесі білім беру үрдісіне енгізіліп, деректі талдау, визуалды сторителлинг және үлкен тілдік модельдерді (LLM) біріктіруге жол ашылады. Зертхана жоғары сапалы кескіндер және визуалды дерекпен жұмыс істеуге ыңғайлы заманауи «LG Ultra Gear» мониторларымен жабдықталған.
Өткен жылы Қазақстан мен Қытай басшыларының мемлекетаралық келісімі аясында ҚазҰУ-ға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылған болатын. «LG AI MediaLab» зертханасы суперкомпьютердің мүмкіндігін пайдалану мақсатында ортақ дерекқорға біріктірілетін болады.