23 мамырда Shakarim University-де философ, ақын және реформатор ретінде өзінің мол рухани мұрасымен бүгінгі ұлттық дамудың бағыт-бағдарын айқындап берген Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған Республикалық жастар форумы басталды.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің ұйымдастыруымен «Абайдың «Толық адам» ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» тақырыбындағы форум еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70-тен астам ЖОО өкілдерін – ғалымдарды, оқытушыларды, басшыларды, студенттерді – Қазақстанның интеллектуалдық болашағын қалыптастырып жатқан азаматтарды біріктірді.
Іс-шара «Ізденіс, тағылым, талап, нәтиже» алаңында басталды. Бұл төрт сөз форумның ұранына және Абай дүниетанымына негізделген білім беру философиясына айналды. Форум аясында пленарлық сессиялар, практикалық семинарлар мен жастар дебаттары, абайтану ілімін қазіргі күн тәртібіне интеграциялау мәселелері талқыланды. Пленарлық отырыста ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, жетекші абайтанушылар мен зерттеушілер болды.
Форумның мақсаты – қазіргі қоғамның адамгершілік тұғыры ретінде Абайдың «Толық адам» іліміне деген қызығушылықты ояту, ұлы ойшылдың философиялық идеяларын XXI ғасыр сын-қатерлері аясында қайта пайымдау, гуманизм, жауапкершілік пен жеке тұлғалық дамуды ұран емес, өмірлік стратегия ретінде қабылдайтын қазақстандық жас буынды қалыптастыру.
Shakarim University ректоры Думан Орынбеков форумды аша отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Абайдың «Толық адам» ілімін жастардың зияткерлік тәрбиесінің өзегіне айналдыру қажеттігін айтқанын еске салды. Ректор жаһандық сын-қатерлер, ұлттық бірегейлік пен рухани бағдардан ажырау жағдайында Абайдың «Толық адам» ілімі жастардың интеллектуалдық тәрбиесінің өзегіне айналуы тиістігін, бұл ілім тек мәдени бастама деңгейінде қалмай, жауапты, кемел, ойлы азаматты қалыптастыратын стратегиялық модельге айналып, қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуының іргетасы болуы керектігін баса айтты.
Shakarim University «Толық адам» философиясын білім және ғылым кеңістігінде институционализациялау мақсатында бірнеше бастамалар ұсынды. Атап айтқанда, зерттеу, пікірталас және этикалық тәжірибелерді енгізу үшін пәнаралық алаң ретінде Абай мен Шәкәрім атындағы толық адам философиясы мен этикасы орталығын құру; «Абай – Шәкәрім – бүгінгі күн» модулін философия, педагогика, психология, менеджмент секілді білім беру бағдарламаларына енгізу; ұлттық құндылықтарды зерттейтін студенттер мен магистранттарға арналған арнайы «Жас тұлға» грантын енгізу; әлемдік философтар мен педагогтардың қатысуымен өтетін жыл сайынғы «Өзгерістер дәуіріндегі кемел тұлға» атты халықаралық симпозиум өткізу және жарияланымдар, пікір алмасу және шығармашылық жобаларға арналған «Жас Абай жолы» атты интерактивті цифрлық платформаны іске қосу.
23-24 мамыр аралығында өтетін форум аясында қатысушылар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей қорығы мен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейін аралап, «Қарагөз» студент-жастар театрының қойылымын тамашалап, Абайдың туған жеріне экскурсия жасайды.