2026–2027 оқу жылына Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы үкіметінің білім гранттары конкурсы

2026–2027 оқу жылында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үкіметі Қазақстан Республикасы азаматтарына жоғары кәсіптік білім, бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға 30 гранттық орын бөледі. Шетелдік студенттер үшін тілдік даярлықтан өту мүмкіндігі қарастырылған.

Жоғары оқу орындары мен мамандықтар тізімімен сілтеме арқылы танысуға болады.

Талаптар:

  • Қазақстан Республикасының азаматы болуы;
  • жоғары кәсіптік білім және бакалавриат бағдарламаларына үміткерлердің толық орта білім туралы аттестаты болуы және жасы 25-тен аспауы тиіс;
  • магистратура бағдарламасына үміткерлердің бакалавр дәрежесі болуы және жасы 35-тен аспауы тиіс;
  • докторантура бағдарламасына үміткерлердің магистр дәрежесі болуы және жасы 40-тан аспауы тиіс;
  • қытай тілін базалық деңгейде меңгеруі қажет. Қытай тілін білмеген жағдайда даярлық факультетінде бір жылдық міндетті тілдік курстан өту қарастырылады.
  • Қосымша талаптар: Шыңжаң университетіне, Шыңжаң аграрлық университетіне, Шыңжаң медициналық университетіне, Шыңжаң педагогикалық университетіне, Шыңжаң қаржы және экономика университетіне, сондай-ақ Қашғар университетіне бакалавриат бағдарламасы бойынша түсу үшін CSCA тестілеуінен өту қажет. Оқуға қабылдау CSCA емтиханын сәтті тапсырған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Грант аясында төмендегі шығындар өтеледі:

  • оқу ақысы;
  • жатақханада тұру шығындары;
  • медициналық сақтандыру жарналары.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-на ұсынылатын құжаттар тізбесі:

  1. Қазақстан Республикасы азаматының сауалнамасы;
  2. паспорт көшірмесі;
  3. білім туралы құжаттар:
    «Жоғары кәсіптік білім» және «Бакалавриат» бағдарламалары үшін:
    • аттестат және оған қосымша немесе негізгі орта білім туралы куәлік пен оған қосымша;
    • табель;
    • ағымдағы оқу жылындағы (11 немесе 12-сынып) орташа үлгерім көрсеткіші мен оқу аяқталатын жоспарланған күні көрсетілген анықтама;
    • барлық құжаттардың ағылшын немесе қытай тіліне нотариат куәландырған аудармасы. «Магистратура» бағдарламасы үшін:
    • бакалавр немесе маман дипломы және оған қосымша (ағылшын немесе қытай тіліне нотариат куәландырған аудармасымен);
    • бакалавриаттың соңғы курсында білім алып жүрген студенттер оқу орнын аяқтаудың жоспарланған мерзімі көрсетілген жоғары оқу орнынан анықтама, оқу бөлімі растаған транскрипт және олардың ағылшын немесе қытай тілдеріне аудармасын ұсынуы қажет. «Докторантура» бағдарламасы үшін:
    • магистр дипломы және оған қосымша (ағылшын немесе қытай тіліне нотариат куәландырған аудармасымен);
    • магистратураның соңғы курсында білім алып жүрген студенттер оқу орнын аяқтаудың жоспарланған мерзімі көрсетілген жоғары оқу орнынан анықтама, оқу бөлімі растаған транскрипт және олардың ағылшын немесе қытай тілдеріне аудармасын ұсынуы қажет.
  4. Шетелде оқуға шығатын тұлғаға арналған медициналық анықтама (072 нысаны), кандидат тұратын елдің ресми денсаулық сақтау органы берген, ағылшын немесе қытай тіліне нотариат куәландырған аудармасымен;
  5. Соттылығының жоқтығы туралы анықтама, ағылшын немесе қытай тіліне нотариат куәландырған аудармасымен.

Құжаттар 2026 жылғы 26 маусымға дейін (қоса алғанда) қағаз түрінде және электрондық тасымалдағыштағы сканерленген нұсқасымен бірге келесі мекенжай бойынша қабылданады: Астана қаласы, Сығанақ көшесі, 70, «Сығанақ» бизнес орталығы, 5-қабат, 507-кабинет, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ.

Назар аударыңыз!

Үміткерлерді оқуға қабылдау жөніндегі түпкілікті шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды.

Дата публикации
16 июня 2026