"ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ": ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

"ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ": ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
9 Мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы аудан орталығында жоғары деңгейде аталып өтті. «Ер есімі – ел есінде» атты шара халықтың батыр бабалар рухына деген тағзымы мен құрметінің айғағына айналды.
Салтанатты іс-шара ауданның зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер мен жастардың қатысуымен Жеңіс саябағында өтті. Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алып келумен ашылып, Әнұранның асқақ әуенімен басталды. Майдан даласында жанын пида еткен қаһармандардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етіліп, саябақтағы ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды.
Мерекелік жиын Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ашылу салтанатында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихаттың төрағасы Сержан Байсбаев құттықтау сөз сөйлеп, батыр бабаларымыздың ерлігі мен тылдағы қажырлы еңбектің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Ұлы Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ардагерлерге бұл құрметті марапатты аудан басшылары арнайы табыстады.
Шара барысында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесінің төрағасы Ақай Тілес те сөз алып, жиналған қауымды Ұлы Жеңістің мерейтойымен құттықтап, бейбіт өмірдің қадірін ұлықтауға шақырды.
✔️Концерттік бағдарлама барысында патриоттық әндер шырқалып, жастардың әскери-патриоттық қойылымдары көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жас сарбаздардың шынайы қойылымдары арқылы ел рухын көтеріп, көрермендердің көңілін толқытты.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі