Көктемгі маусымның келуімен бірге шіркей, маса және түрлі зиянкес жәндіктердің белсенділігі артып келеді. Осыған орай, Сауран ауданында тұрғындардың денсаулығын сақтау және санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында жоспарлы дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда бұл шаралар Бабайқорған, Жібек жолы және Шорнақ ауылдық округтерінде жүзеге асырылып жатыр. Арнайы мамандандырылған мекеме қызметкерлері ауыл маңындағы барлық жерлерді залалсыздандыруда.
Пайдаланылатын дәрі-дәрмектер мен химиялық заттар адам мен жануарлар үшін қауіпсіз, экологиялық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Дер кезінде жүргізілген өңдеу жұмыстары шіркейлердің көбеюін айтарлықтай төмендетеді және маусымдық аллергия, тері аурулары сияқты мәселелердің алдын алады.
Аудан әкімдігі тұрғындарды аталған жұмыстарға түсіністікпен қарауға және сақтық шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, дәрі шашылып жатқан аумақтарға уақытша бармауға, ашық су көздерінде су ішпеуге және үй жануарларын да қорғауға кеңес береді.
Айта кетейік, шіркейге қарсы дезинфекциялау жұмыстары Сауран ауданының барлық ауылдық округтерінде кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Бұл – тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі және маусымдық шара.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі