Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен Үшқайық ауылдық округіне барды. Сапар аясында С.Қожанов елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, таза ауыз су мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Елді мекенді тәулігіне 24 сағат үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбырларын күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жобаның тапсырыс берушісі – аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Жиын барысында аудан басшысы жауапты мамандар мен мердігер ұйым өкілдерін арнайы шақыртып, тұрғындардың сауалдарына нақты әрі толық жауаптар беруді қамтамасыз етті.
— «Ауыз су – күнделікті тұрмыс пен тіршіліктің негізі. Елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асуда. Жобаның сапалы орындалуы – басты талап. Біз тұрғындарға берген уәдемізді толық орындауымыз керек», — деді аудан әкімі.
Ауыз су құбырының жалпы ұзындығы — 20,9 шақырым. Жоба толық аяқталған кезде 235 абонент таза ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар, елді мекенде 2 мектеп, 1 балабақша, мешіт және зертхана да сапалы сумен қамтамасыз етіледі.
Кездесуден кейін аудан әкімі су құбырының құрылысы жүргізіліп жатқан аумаққа барып, жұмыс барысын көзбен көріп, құрылысшыларға нақты тапсырмалар берді. Жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы жұмыс сапасын арттыру қажеттігін баса айтты.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі