Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен Бабайқорған ауылдық округінде “Ұлттық спорт – салауатты өмір бастауы” тақырыбында жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Бұл сайыс ауданның 4 жылдық мерейтойына, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Ата Заңымыздың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Спорттық додада қатысушылар садақ ату, аударыспақ, қазақ күресі, арқан тартыс, қошқар көтеру және қыз-келіншектер арасында күбі пісу сайыстарында бақ сынады. Жастар арасында дене шынықтыру мен сауықтыру жұмыстарын дамыту, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бұл сайысқа 12 ауылдық округтен құралған командалар мен жекелеген спортшылар қатысты.
Аудандық сайысты Сауран ауданы әкімінің орынбасарының міндетін атқарушы А.Сейілбекұлы, аудан прокуроры А. Әбдінұрұлы, аудандық мәслихат депутаты Х. Бахтиярұлы, сондай-ақ Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы Е. Нұралыұлы ашып беріп, жалынды жастарға сәттілік тіледі.
Ұлттық спортымызды ұлықтаған бұл тартысты әрі қызықты жарыста командалық есеп бойынша:
І орын – Бабайқорған жастары,
ІІ орын – Майдантал жастары,
ІІІ орын – Құмтүйін жастары иеленді.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңіске жеткен командалар мен жекелеген спортшыларға сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Сауран ауданы әкімінің баспасөз қызметі