Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округінде көшпелі жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.
Тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтар негізінен коммуналдық қызметтер, инфрақұрылым, жер телімдерін бөлу және қайтару, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді дамыту мәселелеріне қатысты болды.
Ауыл тұрғындарының бірі елді мекендегі қоқыс жинау және оны шығару мәселесін көтерді. Белгілі болғандай, бұл қызметке жауапты мекеме белгіленіп, тұрғындармен келісімшарт негізінде қоқыс шығару кестесі бекітілген.
Тағы бір азамат ауылдық елді мекенде тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін бөлу мәселесін қозғады. Қазіргі уақытта бұл бағытта тиісті құжаттар әзірленіп, инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Кейбір тұрғындар ауылдық округ аумағында бұған дейін берілген жер телімдерін қайтару мәселесін көтерді. Бұл ретте аудандық әкімдік пен жауапты мекемелер тарапынан заңнамаға сәйкес қажетті шаралар қабылданып жатқаны айтылды.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар көтерген барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, жауапты мекемелерге бақылау күшейтілетіні айтылды. Жергілікті билік тұрғындардың талап-тілектерін назарға алып, олардың шешілуіне барынша қолдау көрсететінін жеткізді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі