Сауран ауданында ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық» орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, әскери патриоттық жұмыстарды жандандыру, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің және әскери қызметінің мәртебесін көтеру мақсатында жастар арасында аудандық «Жас сарбаз – мәңгілік ел ұланы» атты әскери патриоттық сайысы болып өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басқарма бастығы, полковник Дилмурад Нұржанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Түркістан облыстық әжелер алқасының төрайымы Балымхан Бәйтенова, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай, аудандық мәслихат депутаты Сәбит Рысбеков, республикалық жас сарбаз әскери патриоттық қозғалысының Түркістан облысы бойынша филиал төрағасы Аружан Шекербек қатысып, игі тілектерін білдірді.
“Болашақтың кілті, елдің ертеңі - білімді жастардың қолында. Жастар – тәуелсіздігіміздің биік тұғыры деуге толық негіз бар. Мемлекет пен ұлт болашағы жастарға тікелей байланысты. Осы тұста бүгінгі өткізіліп отырған әскери сайыстың басты мақсаты - жастардың патриоттық және ұлттық идеологиялық тұрғыдан Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне деген кұрметін, әскери борышын өтеуге, жан-жақты әскерге дайындауда оң пікір қалыптастыруға, тәрбиелеуге бағытталып отыр. Әрбір жас өзінің туған Отанын жанындай сүйіп, танып, өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түсетін болады”, - дейді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Сонымен өткізілген әскери патриоттық сайысқа 6 команда қатысып, өзара бақ сынады. Олар №2 ЖББМ, Ы.Алтынсарин, А.Югнаки, Молда Мұса, Әль-Фараби, Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары сайысқа түсті. Сайыс өте тартысты өтіп, нәтижесінде 1 орынды Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары иеленсе, 2-3 орындарды А.Югнаки мен Молда Мұса атындағы мектептердің оқушылары өзара бөлісті. Сайыстың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне қаржылай сертификаттар табысталды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі