ОБЛЫСТЫҚ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУЛАР КЕҢІНЕН ТҮСІНДІРІЛДІ

ОБЛЫСТЫҚ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУЛАР КЕҢІНЕН ТҮСІНДІРІЛДІ
 Сауран ауданындағы мәдениет үйінде көктемгі дала жұмыстарына қажетті несие, ағын су, мемлекеттік қолдау шараларының берілу шарттарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған жұмысшы топты Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастап келіп, жиын өткізді. Кездесуді Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашып, жүргізіп отырды.
 Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Ақтөре Түймебек, «Қазсушар» РМК ТФ өндірістік техникалық бөлім басшысының міндетін атқарушы Талғат Балабеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалы директорының орынбасары Азат Мүйтембаев, «Ырыс» МҰҚ ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Берік Бекпенбетов, «Түркістан ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұхтар Әлімханұлы өз салалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
 Сауран ауданының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 392 100 гектар. Оның ішінде: суармалы – 44 441 га; шабындық – 3 257 га; жайылымдық жер – 344 402 га. Жалпы жер жырту жоспары – 28,6 мың гектар бекітіліп, бүгінгі таңда жер айдау жұмыстары 95%-ға орындалды. 2024 жылдың өнімі үшін 3661 гектар күздік бидай егілген.
 Су үнемдеу технологиясы ауданда 2839 гектар жерде жұмыс істеп тұр. Ол жалпы егіс көлемінің 6,4% құрайды. Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешен саласында 2024-2028 жылдарға жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жол картасына сәйкес, биылғы жылы қосымша 4839 гектар жерге су үнемдеу технологияларын орнатуға тапсырма беріліп отыр. Биылғы жылы қосымша 4867 гектар жерге су үнемдеу технологиялары орнатылып, 7706 гектарды құрап, жалпы егіс көлемінің 18 пайызына жетеді. Жиын соңында шаруалар тарапынан жұмыс топ мүшелеріне ауыл шаруашылығы саласы бойынша көптеген сұрақтар қойылып, тиісті жауаптары берілді.
 Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі