АУДАН ӘКІМІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ САУРАН ҚАЛАШЫҒЫН АРАЛАДЫ

АУДАН ӘКІМІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ САУРАН ҚАЛАШЫҒЫН АРАЛАДЫ
Көне тарихтың теңдессіз ескерткіші, ортағасырларда гүлденген шаһар болған Сауран қалашығына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы барды. Жібек жолы ауылдық округі әкімі Мейрамбек Әшірбеков пен Сауран аудандық мәслихат депутаты Арыслан Раматуллаевта бұл сапарға қатысты. Аудан әкімі тарихи жәдігерлерді сақтау бағытынды бірқатар тапсырмаларын берді.
Сауран қалашығы солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 метр, шығыстан батысқа қарай 660 метр созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 3- 6 метрге дейін жетеді. Оған солтүстік және шығыс беттегі екі қақпа арқылы енуге болады. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360метр. Қамал қабырғалары 2-3 метрлік едені кесектен және пахсадан тұрғызылған. Ең биік мұнарасы солтүстік бұрышында биіктігі 6метр. Қамалдың сыртында тереңдігі 1-3 метр, ені 15-20 метр болатын ор іздері сақталған.
Жүзжылдықтар бұрын ортағасырлық саясаттың "жүрегі", маңызды әкімшілік орталық болған қоныс атауы Х ғасырдан бергі кезеңдермен белгіленетін тарихи жазбаларда кездеседі. Көне деректер де Сауранның өркендеп дамыған шаһар, ғаламат қамал болғандығын растайды. Кезінде қаланың абаттандырылуы мен қорғанысына көп күш жұмсалған, қолөнер ісі қарқынды жүргізілген. Көне шаһарда жалпы ұзындығы 110 шақырымға жететін жерасты су құбырлары жүйесі салынғандығы да таңқалдырарлық дерек.
Қазіргі таңда аудан тарапынан ХІІІ-ХVІІІ ғасырларға тән Сауран қалашығын насихаттау бағытында жұмыстар атқарылып, туристерді көптеп тартуға ықпал ету бойынша жұмыстар жүргізілдуде. Айта кетсек, Сауран қалашығы — «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК құрамындағы Республикалық маңызы бар ескерткіш.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі