Сауран ауданында ауыл шаруашылық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға «БНК Агро КZ» ЖШС және «АгроХолдинг Түркістан ЖШС басшысы Ниязәлі Бейсенбаев, «Мұсабеков Қуанышбек» шаруа қожалығының төрағасы, «JMJ Агро» ЖШС басшысы, аудандық мәслихат депутаты Бағлан Мұсабеков, ауыл шаруашылық кеңесінің мүшелері, шаруа қожалық төрағалары фермерлер қатысты. Кеңесті аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы іске асырылып жатқан жұмыстары бейнеролик арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Кеңесте аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауыл шаруашылық саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын назардан тыс қалдырмай, оған кеңінен бет бұру қажеттігін айтқым келеді. Елімізде бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын қолдау шаралары кеңінен ұйымдастырылып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Бұл кеңесті өткізудегі негізгі мақсатымыз алыс жақын шетел және отандық инвесторларды тарту есебінен тиісті салалар бойынша ауданды ауыл шаруашылығын дамыту арқылы азық-түлік белдеуін қалыптастыруымыз қажет. Оған толық мүмкіндіктер бар. Мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Осы агроөнеркәсіп саласын дамыту мақсатында көптеген кәсіпорындар және өндіріс орындарын ашу бағытында жұмыс жасау керекпіз», - деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 95,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Атап өтсек, өсімдік шаруашылығы – 67,4 млрд. теңге, мал шаруашылығы – 27,5 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылы 44 082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда 1945 гектар артық орындалған. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 8,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 есе артып отыр.
2024-2025 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы құны 21,0 млрд теңгеге 16 ірі және 35 шағын инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 19,7 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Биыл «Ауыл - Аманаты» пилоттық жобасына қатысушы ретінде Оранғай, Қарашық, Майдантал, Ескі Иқан ауылдық округтері қатысты. Оған несие алуға 273 адам құжат тапсырып, жоба құны – 1 млрд 492 млн. теңгені құрады. Бүгінгі күнге 1 276 млн теңгелік 192 жоба мақұлданып, 191 жоба 1 млрд 267 млн. теңгеге қаржыландырылды.
Жиын барысында «БНК Агро КZ» ЖШС және «АгроХолдинг Түркістан ЖШС басшысы Ниязәлі Бейсенбаев пен «Мұсабеков Қуанышбек» шаруа қожалығының төрағасы, «JMJ Агро» ЖШС басшысы, аудандық мәслихат депутаты Бағлан Мұсабеков аудан көлемінде атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық саласының ардагері Оразгелді Егізбаев ауданға сырттан келіп жұмыс жасаймын деген инвесторларға қолдау көрсету керектігін айтып, жергілікті жастарға жұмыс күші артатынын жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен ауыл шаруашылық саласының ардагері Оразгелді Егізбаев ауыл шаруашылығы саласында жұмыс атқарып жүрген бір топ азаматқа Алғыс хат табыстады.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі