Қазақ халқы ежелден заңсыз, жорасыз өмір кешкен емес. Сонау сақ пен ғұннан басталып, Күлтегін-Тоныкөкпен жалғасын тапқан адалдық пен адамгершілікке негізделген дала заңы – Керей мен Әз-Жәнібек құрған қазақ хандығында іргелі елдің берік іргетасын қалыптастырды. Одан бертін Есімнің ескі жолы, Қасымның қасқа жолы болып жаңғырып, Жеті жарғымен қайта түледі. Сан рет соқпаққа түсіп, зобалаң жылдарды басынан өткеріп, тар жол тайғақ кешуден аман өткен қазақ елі армандаған Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Ата заңы қабылданып, Ұлы дала төсіндегі Тәуелсіз Қазақстанның өз көші басталды. Елдің тәуелсіздігін сақтап, әлемде өзіндік орнын иеленуі де – осы Ата Заңның жемісі.
Конституция күні – халқымыз үшін ең қастерлі, ең ұлық мереке. Сауран ауданында да мереке жоғары деңгейде тойланды. Мерекелік шарада аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды құттықтады.
-Сіздерді тәуелсіз ел тарихындағы ең басты мерекенің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Конституция – тұрақтылық пен өркендеудің сенімді іргетасы. Еркіндіктің кепілі. Бірлігіміз бен тыныштығымыздың қорғаны. Сондықтан барша жұртшылық бұл күнді айрықша қадірлейді және болашағының бүгінгіден де нұрлы боларына нық сенеді. Ата заңымыздың мәртебесі асқақ болсын,- деді Ғалымжан Қарабайұлы. Мұнан соң, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне лайықты үлесін қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев Конституциядағы қағидаларды терең түсініп, сақтау – әр азаматтың парызы. Өз халқының құқығы мен жеке бас бостандығын жоғары қойған мемлекеттің келешегі қашанда баянды болатынын атап өтті. Ауданның дамуы жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға "Құрмет грамотасы" мен "Алғыс хат" табыстады.
Мерекелік шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әсем әннен шашу шашылды.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі