ЕЖЕЛГІ САУРАНДА ӘЗ-НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

ЕЖЕЛГІ САУРАНДА ӘЗ-НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ
 
 Наурыз мерекесі жақсылықтың жаршысы, жаңарудың нышаны. Жер ана оянып, табиғаттың бусанған шағын қазақ халқы жақсылыққа балаған. Наурыз - бірлік пен ынтымақтың мерекесі. Бір дастарханда бас қосып, наурыз көже ішіп, бір-біріне ақ тілектерін арнаған. Бүгін Сауран ауданында Наурыз мерекесі тойланды. "Ежелгі Саурандағы әз-Наурыз" деген атау берілді. Аудан құрылғалы тойланып отырған бұл алғашқы Наурыз мерекесі. Содан болар тұрғындар бүгін ерекше шат-шадыман көңіл күйде. "Ауданымыз қайта құрылып, Наурызымыз қайта оралды"-деп бір-бірімен көрісіп жатыр. Мерекеге арнайы қатысқан аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды мерекемен құттықтады.
- Бүгін Сауран ауданының халқы үшін ерекше күн. Ауданда алғаш рет кең көлемде Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Сауранның тарихта даңқы асқақ. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ауданымыз мәдениет пен өркениеттің ордасы. Сол үрдісті біз де жалғастыра отырып, Сауран ауданын мәдени- тарихи орталыққа айналдыруды қолға аламыз. Ол үшін елдің ынтымағы мен бірлігі маңызды. Өздеріңіз көріп тұрғандай бүгінгі мерекені жаңа салынып жатқан әкімшілік ғимаратының алдында тойлап жатырмыз. Бұл жаңарудың бастамасы. Ауданды гүлдендіру әрбір тұрғынның басты міндеті болуы тиіс. Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді бүгінгі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық тілеймін,- деді аудан басшысы Ғалымжан Қарабайұлы.
 Бүгінгі мерекеде ұлттық нақышта өрнектелген 12 қанатты екі үй, 8 қанатты алты үй, 6 қанатты екі киіз үйлер тігіліп, түрлі ұлттық тағамдардан ақ дастархан жайылды. Әр киіз үйге Ақ Орда, Ежелгі Сауран, Тарихи өлке, Алаш жолы, Бабалар аманаты, Ұлы Жібек жолы, Алтын дән, Болашақ бірлікте, Ұлы дала мұрасы, Берекелі дастархан атаулары берілді. Киіз үйге бас сұққан әрбір қонаққа атаудың мағынасы түсіндірілді.
 Мерекелік шара барысында аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы ауданға қызмет етіп жүрген бірнеше азаматтарды "Ауданның Үздігі" аталымындағы номинациялармен марапаттады. Наурыз мерекесін ұлықтайтын сахналық көріністер қойылып, әннен шашу шашылып, түрлі ұлттың билері орындалды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін көріністер қойылды. Бейбітшіліктің, ырыс-несібенің шашуы шашылды.
 Наурыз мерекесі жылдан жылға жаңара бермек. Ұлттық құндылығымыздың айнасы іспетті бұл мереке өміршең. Қазақпен бірге жасайды. Жылдан жылға түрленіп, ажарыланып, халықтың қанына сіңіп жатыр. Бұл қуаныш. Биылғы наурыз тарихи өлкенің ұрпақтарының басын қосты бүгін. Бірлікке үгіттеді. Тәуелсіздіктің, бейбітшіліктің құнын арттырды. Түркі жұртына ортақ мереке Ежелгі Сауранда осылай тойланды.
 Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі