Сауран ауданында суға түсу маусымына байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шаға, Оранғай және Ескі Иқан ауылдық округтерінің аумағындағы өзен-көлдер мен су айдындарында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Рейд барысында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері және жауапты мекеме өкілдері тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде жадынамалар таратты. Азаматтарға тек арнайы белгіленген және рұқсат етілген орындарда ғана суға шомылу қажеттігі түсіндірілді.
Іс-шара барысында тыйым салынған орындарда суға шомылып жүрген азаматтар анықталып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Жауапты мекемелер тұрғындарды өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, рұқсат етілмеген орындарда суға түспеу қажет.
Профилактикалық рейдтер аудан аумағында суға түсу маусымы аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасатын болады.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі