Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі жоспарлы комиссия отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты сала мамандары қатысты.
Комиссия отырысында аудан аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 2026 жылғы өрт қауіпті кезеңде орман және дала өрттерінің алдын алу, олардың туындау қаупін төмендету және дер кезінде сөндіру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшелері құрылмаған шалғай елді мекендерде жергілікті бюджет есебінен өрт сөндіру бекеттерін құру мүмкіндіктерін қарастыру болды. Бұл бағыттағы жұмыстар елді мекендердің қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жазғы шомылу маусымында тұрғындардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жауапты сала өкілдері судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын күшейту, қауіпсіздік талаптарын сақтау және бақылау шараларын жүйелі жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Жиын барысында орындаушылық тәртіп мәселесі де қаралып, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы сараланды. Аудан әкімі жауапты мекеме басшыларына төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Отырысты қорытындылаған аудан басшысы айтылған ұсыныстар мен ескертулердің назарға алынатынын атап өтіп, қабылданған шешімдердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі