Бүгін Сауран ауданында Өзбекстан Республикасының Ташкент облысына қарасты Орта Шыршық ауданының делегациясымен екіжақты ресми кездесу өтті. Кездесуге Орта Шыршық ауданы әкімінің орынбасары Азиз Одинаев бастаған кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.
Кездесу Сауран ауданы делегациясының Орта Шыршық ауданына жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, екі аудан арасында қол қойылған бауырластық және ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жұмыстардың орындалу барысы қаралды.
Жиын барысында тараптар экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өндірістік кооперация бағыттарындағы әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асырудың тетіктері мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Делегация құрамында жиһаз өндірісі, күріш өсіру, азық-түлік өнімдерін өңдеу және консервілеу, металл өңдеу, саңырауқұлақ өсіру, мал шаруашылығы, қонақүй бизнесі және тоңазытқыш өндірісі салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер болды. Кездесу барысында аталған бағыттар бойынша тәжірибе алмасу және өзара тиімді серіктестікті дамыту мәселелері қарастырылды.
Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өндірістік кооперацияны дамыту, бірлескен кәсіпорындар ашу және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер арасында тікелей байланыс орнату және сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу қорытындысында екі аудан өкілдері өзара әріптестікті одан әрі дамытуға, меморандум аясындағы міндеттерді кезең-кезеңімен іске асыруға және нақты жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі