ЖЕҢІС КҮНІ “ДАҢҚ” МЕМОРИАЛЫНА ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

ЖЕҢІС КҮНІ “ДАҢҚ” МЕМОРИАЛЫНА ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ
 
Биыл Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Сауран ауданында 9 мамыр - Жеңіс күні кең көлемде аталып өтті. Тағылымды іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әскери сынып жетекшілері мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиын аудан орталығындағы “Ардагерлер аллеясында” жалғасып, қатысушылар Ұлы Отан соғысында Отан үшін от кешкен майдангерлердің рухына тағзым етті. Сонымен қатар арнайы “Даңқ” мемориалына және Кеңес Одағының Батыры Қ.Рысбековтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ел тыныштығы мен бейбіт болашақ жолында құрбан болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Іс-шара барысында ел үшін жанын қиған батырлардың ерлігі кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге екені айтылып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Жеңіс мерекесіне жиналған ардагерлер мен ақсақалдар жастарға бейбіт өмірдің қадірін түсіндіріп, ел бірлігі мен татулықтың құнын сақтау әр азаматтың парызы екенін жеткізді.
Мерекелік шара аясында Ардагерлер аллеясына шырша көшеттері отырғызылып, бұл игі бастама ерлікке тағзым мен ұрпақ сабақтастығының белгісі ретінде бағаланды.
©️Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі