Сауран ауданы әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның жоспарлы отырысы өтті. Мәжілісті аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жүргізді. Жиын барысында аудан аумағындағы қауіпсіздік пен төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес, ең алдымен көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қаралды.
Сауран ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мұхтар Қуанышбаев баяндама жасап, аудан аумағында жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, елді мекендерде су басу қаупінің алдын алу үшін арық-атыздарды тазалау, су өткізу арналары мен каналдарды ретке келтіру, сондай-ақ қажетті техника мен күштерді әзірлеу жұмыстары қолға алынған.
Келесі кезекте аудан аумағындағы гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының жағдайы талқыланды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ербол Насыр су нысандарының техникалық жай-күйі тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Сонымен қатар көктемгі су молдығы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті тексеру және нығайту жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі